Шымкенттің жасыл бағыты: өнеркәсіптің жаңа буыны
Сурет: pixabay
Шымкентте индустрияның өсуіне байланысты экологиялық қауіп-қатерлер де күшейіп отыр. Қазақстан бойынша көлемі жағынан үшінші орында тұрған қалада ластанған ауа мен су, ескірген инфрақұрылым, табиғи ресурстарға жүктеменің артуы сияқты басты сын-қатерлер орын алып тұр. Қазіргі уақытта қалада жасыл технологияларға, кәсіпорындарды жаңғыртуға және экологиялық жауаптылықты арттыруға негізделген өнеркәсіптік дамудың жаңа тәсілі қалыптастырылып жатыр.
Шымкент – Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының бірі, мұнда өнеркәсіптің дамуы мен экономиканың өсуі маңызды экологиялық қатерлермен қатарлас жүреді. Жылдам урбандалу мен өндірістік кәсіпорындардың санының артуы атмосфера мен су ресурстарына жүктеме түсіріп, қалада тұрақты экологиялық проблемалар туғызып отыр.
Өнеркәсіптік шығарындылар, автокөлік пен жекеменшік секторда қысқы маусымда қатты отынды пайдалану – ауаны ластайтын негізгі көз. Химиялық, мұнай өңдеу және цемент зауыттарынан атмосфераға азот, күкірт, көміртек тотығы және майда дисперсті бөлшектер бөлінеді. Бұл ластағыштар көзге көрінбегенімен, ауаның сапасы мен халықтың денсаулығына қатты әсер етеді. Global Health-тің "Қазақстандағы ауаның ластануы және оның денсаулыққа төндіретін қаупі" деп аталатын зерттеулерінің деректері бойынша ластағыш заттардың тыныс алу мүшелеріне әсер ету қауіптілігі индексі бойынша Шымкент қаласы бірінші орында тұр.
Қалыптасқан жағдайға қарағанда, атмосфералық ауа қаланың экологиялық қауіпсіздігінің басты индикаторларының біріне айналған.
Тағы бір маңызды проблема – су ресурстарының жай-күйі. Шымкентті сумен жабдықтайтын Бадам және Сайрам-Су өзендері ағынды, тұрмыстық сулармен ластанып жатыр. Өзендердің кейбір тұстарынан алынған судың құрамында ауыр металдың, мұнай өнімдері мен нитраттардың мөлшері санитарлық нормадан асып кеткені тіркелді, мұндай су халық денсаулығы мен ауыл шаруашылығына зиян келтіреді. Су экожүйесінің табиғи теңгерімінің бұзылуы аграрлық алқаптардың өнімділігін төмендетіп, өңірдің биоалуантүрлілігіне қауіп төндіреді.
Осы проблемаларды шешу үшін қалада ауа мен судың ластануын төмендетуге бағытталған шаралар кешені іске асырылып жатыр. Атмосфералық ауаны қорғау бағдарламасы шеңберінде жекеменшік секторға газ кіргізу жүргізіліп жатыр, өнеркәсіптік кәсіпорындарда шығарындыларға автоматты мониторинг жүргізетін жүйе енгізілді, қаланың орталығындағы жүктемені азайту үшін айналма жолдар мен көліктік жолайырықтары салынып жатыр.
Су ресурстары бағытында өзен аңғарларын абаттандыру жұмыстары, суды қорғайтын аймақтар мен нөсер канализацияларының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қалдықтармен жұмыс істеу саласында коммуналдық және құрылыс қалдықтарын бөлек жинау және қайта өңдеу бойынша инфрақұрылымды дамыту жөнінде бағдарлама бекітілді, сонымен қатар медициналық қалдықтарды есепке алу және кәдеге жарату жүйелері енгізілуде.
Шымкенттің экологиялық саясатының стратегиялық бағыттарының бірі өнеркәсіптің орнықты даму қағидаттарына көшуі және жасыл технологияларды енгізу болып табылады. Қазақстанда бұл міндеттерді Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы үйлестіреді. Орталық қызметінің басым бағыттарының бірі – өндірістің тиімділігін төмендетпей, қоршаған ортаға әсерін азайтуға мүмкіндік беретін өнеркәсіптің ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҚТ) қағидаттарына көшуіне жәрдемдесу.
Шымкентте мұнай өңдейтін, химия және цемент кәсіпорындары орналасқан, осы себепті ЕҚТ-ға көшу - шығарындыларды азайтып, ауа сапасын жақсартудың шешуші факторы.
Келешекте ЕҚТ-ны енгізу іске асырылса, Шымкенттегі экологиялық жүктемені төмендетіп қана қоймай, қаланың инновациялық дамуына жаңа мүмкіндіктер қалыптасуы мүмкін. Жасыл технологияларға көшу өнеркәсіптік өсу моделін өзгерте алады – табиғат үшін қауіпсіз және адамдардың өмірі үшін жайлы болмақ.