Түркістандағы трагедия: үкіметтік комиссия тергеу бастады
Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өрттің себептерін тергеп-тексеру жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған комиссия құрамына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы енгізілді.
Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Әкімдікке өрт салдарынан қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыруға жәрдемдесу тапсырылды. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша шешімдер қабылданатын болады.
Комиссияның жұмысы ерекше бақылауда.
2025 жылғы 18 қараша күні таңертең Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында өрт шықты. Оқиға салдарынан тоғыз бала және үш ересек қаза тапты. Қазақстандағы Балалардың құқықтары бойынша уәкілетті Динара Закиева өрт кезінде үйде екі отбасы болғанын хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.