Илья Ильин мен Ангелина Лукас астаналық студенттермен кездесті
Сурет: Астана әкімдігі
Елорда полициясының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған "Астана – есірткісіз қала" атты кең көлемді профилактикалық акция өтті. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі жазды.
Іс-шараға студенттер, танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері және психикалық денсаулық саласының мамандары қатысты. Олардың қатарында әлем чемпиондары, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Ангелина Лукас, Илья Ильин, Василий Тахтай, Нұрсұлтан Алиакбаров және Әлібек Ермағамбетов болды.
Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин студенттермен кездесуде реабилитациялық орталықтардың жұмысы мен мамандардың еңбегінің маңызын атап өтті.
"Өзіңізге биік мақсат қойыңыз, формаңызды сақтаңыз, өз ісіңізбен айналысыңыз. Қазақстанға мықты, дені сау, өзіне сенімді жастар керек", – деді Ильин.
Жыл басынан бері елордалық полиция есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл аясында мектеп оқушылары, студенттер, спортшылар, еріктілер және жастар ұйымдарымен 600-ден аса кездесу өткізді. Бұл ретте, "Астана жастары" орталығымен бірлескен акциялар барысында:
- 2,5 мыңнан астам наркограффити боялып,
- тыйым салынған контент таратқан сайттар бұғатталды.
Бұған дейін Қазақстанда арнайы мемлекеттік жәрдемақы кімдерге төленетіндігін жазғанбыз.