Мемлекет басшысы төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыруды тапсырды
Фото: Zakon.kz
Президенттің айтуынша, ауылдық округтердің өзін өзі қамту деңгейін арттыру мақсатында бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілді. Жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылды.
Төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері (2018 жыл) ауылдық округтердегі түсім төрт есе ұлғайтып, 130 миллиард теңгеден асты. Оң өзгеріс байқалады.
"Алайда ауылдық округтер аудан мен облыстың қаржылай қолдауынсыз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді әлі де шеше алмайды. Оған қоса кейбір өңірлерде жергілікті бюджетте халықтың саны мен ауылдық округтердің экономикалық құрылымына байланысты алшақтық бар",- деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, тұрақты салық түсімінің басым бөлігін жергілікті жерлерге, ең бастысы, аудандық деңгейге берілді. Бұл – өте дұрыс.
"Десек те жергілікті өзін өзі басқару бюджетіне қолдауды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені қазір оған тиісінше қаражат бөлінбеген. Ақиқатында, кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді. Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді. Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет қой. Яғни "салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле" қағидатын іске асырған жөн. Үкіметке берілген тапсырма түсінікті: кем дегенде кірістің бір бөлігі жергілікті жерде қалуға тиіс".Мемлекет басшысы
Сонымен қатар, Тоқаев салық-бюджет үдерістерін жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс айтты
"Заңды тұлғалардың мүлік және жеке табыс салығының белгілі бір бөлігі аудандардың қосымша трансферттері арқылы төртінші деңгейлі бюджетке аударылғаны жөн. Мұның бәрін Үкімет өңірлер арасындағы алшақтықты реттеуді көздейтін Аймақтық стандарттар жүйесімен ұштастыруы қажет. Бірқатар өңір тұрғындары үшін экологиялық айыппұлдарды толық төлеу аса өзекті мәселе. Өндіріс орындары экологияға шектен тыс зиян келтіретін елді мекендер тұрғындары мұндай төлемдердің бір бөлігі жергілікті бюджетке түскенін қалайды. Олар бұған толық құқылы",- деді ол.
Оның сөзінше, байқалған теңсіздікті реттеп, мемлекеттік саясаттың ашықтығын, тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін біз салық-бюджет үдерістерін жүйелі түрде жетілдіре береміз. Бұл – Үкімет жұмысының маңызды бағыты. Үкімет өңірдегі бюджет деңгейлері арасында қазынадан қаржы алуға лимит қою мәселесін қарастыруы керек.
Бұған дейін жазғанымыздай, Тоқаев уәдесін орындамайтын, міндетін атқармайтын ауыл әкімін қызметінен босатуды тапсырды.