Дипфейктер: алаяқтардың тұзағына түспеу жолдары

Дипфейктер: алаяқтардың тұзағына түспеу жолдары , сурет - Zakon.kz жаңалық 28.11.2025 16:32 Сурет: Zakon.kz
Астанада 2025 жылғы 27 қарашада "Цифрлық сауаттылық сабақтары" форумы өтті. Оның сессияларының бірінде танымал актерлер, блогерлер мен журналистер дипфейктерге қатысты өздерінің жағымсыз тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

"Рэкетир" фильмі арқылы танымалдылыққа ие болған актер Саят Исембаев форумның маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандықтар өте сақ болуы керек, себебі нейрожелілер арқылы жасалатын алаяқтық кез келген адамның тағдырын құртуы мүмкін.

"Мен өзім бейтаныс сілтемелерге ешқашан кірмеймін және үйдегілерге де ескертіп отырамын. Егер түсініксіз хабарламалар келсе, алдымен маған көрсетіңдер, тексеріп беремін, деп айтамын. Қызым жиі жүгіріп келіп, ойнап жатқан ойыны үнемі ақша сұрайтынын айтады. Алаяқ па, жоқ па білмеймін, ақшасын бере саламын – не істейсің? Балалар арқылы ата-аналарды алдауы мүмкін деп ойлаймын. Сондықтан кез келген алаяқтыққа өте мұқият болу керек", – деді Исембаев.

Танымал блогер Жеңіс Омаров та (Zheka Fatbelly) өз тәжірибесімен бөлісті.

"Маған байланысты жалған жарнамалар көп – мысалы, онлайн-казино. Оның шынайы не жалған екенін қалай білуге болады? Ең әуелі ақпарат ресми парақшадан шықты ма, соны тексеру қажет. Тіпті ресми парақшада тұрса да, оған өтпеген дұрыс. Неге? Өйткені адамдар оңай ақша тапқысы келеді... Осындай жеңіл жолдарды іздеу көбіне үлкен қателіктерге әкеледі", – деді ол.

Блогердің айтуынша, алдағы уақытта дипфейктер қазіргіден де көп мүмкіндіктерге ие болуы мүмкін.

"Менің ойымша, бір жылдың ішінде тіпті ересектер мен ата-аналар ғана емес, бәрі алданып қалатын жағдайға жетуіміз мүмкін. Сол себепті кез келген ақпаратты қайта тексеру керек. Жеңіл олжаға еліктемеу керек. Ақпараттық гигиенаны қолға алыңыз, бұл – екіфакторлы аутентификация мен күрделі құпиясөздер", – деп кеңес берді Жеңіс Омаров.

Сурет: Zakon.kz

"ЮрИнфо" Компания" ЖШС бас директоры Михаил Коломин алаяқтық жайлы ақпаратты БАҚ арқылы кеңінен тарату маңызды екенін атап өтті.

"Біздің басылым – форумның тең ұйымдастырушысы. ҚМА-мен бірге бүгін үлкен жұмыс атқарып жатырмыз. Біз құқық қорғау органдарымен бірге алдыңғы шепте тұрмыз: халыққа қажет ақпаратты жеткізіп, өзіміз де сәл болмағанда, ілігіп қала жаздаған жағдайларымызды ашып жазамыз. Журналистер алдымен ақпаратты өздері сараптап, содан кейін аудиториямен бөліседі", – деді Коломин.

Сурет: Zakon.kz

Ол форумның практикалық пайдасы тез байқалады деп үміттенетінін айтты.

"Залда мыңнан аса білімді, болашағы зор жастар отыр. Олар бұл ақпаратты өздерінің ата-әжелеріне жеткізеді. Өйткені дәл сол кісілер – ең осал топ, қарапайым психологиялық әдістерге тез алданып қалады", – деді ол.

2025 жылы 27 қарашада Астанада "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде "ҚМА цифрлық қауіпсіздік сабақтары" форумы өтті. Іс-шараны Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі, Zakon.kz интернет-басылымы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: