Қазақстандықтарға электронды денсаулық паспорттарына толық қолжетімділік беріледі
Фото: freepik
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтарынан бастап деректер дәрігерге әр барған сайын автоматты түрде жаңартылып отырады. Оған дәрі-дәрмектердің тағайындалуы мен дозалары туралы ақпарат та кіреді.
24kz хабарлауынша, алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы азаматтар денсаулық жағдайын бақылау және аурулардың алдын алу үшін жеке ұсынымдар ала алады.
Сондай-ақ жүйе жедел жәрдемге жүгіну деректерін және зертханалық талдаулардың динамикасын қадағалауға мүмкіндік береді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Асқар Арғынбаевтың айтуынша, электронды денсаулық паспорты барынша толық медициналық ақпаратты қамтиды. Бұл пациенттер мен дәрігерлер үшін де ыңғайлы болады. Сонымен қатар деректерге қол жеткізу тек азаматтың келісімімен жүзеге асырылады.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына кемінде бес жыл бойы жарна төлеген азаматтар төлемдер уақытша тоқтаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алатыны хабарланған болатын.