Тоқаев: Қазақстан "орташа табыстар қақпанына" түсіп қалды
Фото: freepik
Бұл туралы мемлекет басшысы Turkistan газетіне берген ауқымды сұхбатында айтып берді.
Оның айтуынша, экономика туралы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азаматымыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы.
"Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ, оның бәрін инфляция жеп қояды немесе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тірлікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауырып қалу немесе жұмыстан айырылу секілді кез келген көлденең кедергі тұрмыстағы тұрақтылықты бұзып жіберуі мүмкін",- деді ол.
Сондай-ақ, ол кезінде баспана алу, балалардың оқу ақысын төлеу, емделу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру туралы шешім қабылдағанын еске алды. Көбісі солай жасады, бұл шешімге ризашылықтарын да білдіріп жатты. Бірақ, әдеттегідей, стоматология қызметін көрсетеміз деген желеумен зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған алаяқтар да табылды.
"Құқық қорғау органдары қазір бұл мәселемен айналысып жатыр. Осы медициналық қызмет түріне зейнетақы жинағын пайдалануға тыйым салуға тура келді. Бірақ, басқа да қитұрқы тәсілдер пайда болды, тіпті, пластикалық отаға төлем жасайтындар бар". Мемлекет басшысы
Бұл ретте, ол бизнес өкілдері жұмыс орындарын ашып, салықтарын адал төлеп жүргенін айтты.
"Алайда, несие өсімінің жоғары болуы, айналымдағы қаражаттың аздығы олардың кең ауқымда дамуына, жаңа нарықтарға шығуына, заманауи технологияларды енгізуіне мүмкіндік бермей тұр. Экономиканың құрылымы өзгеріп жатыр. Дегенмен, меніңше, өзгеріс қарқыны баяу. Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөздің жаны бар. Соған қарамастан, экономикамызда теңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз керек. Біз бұл жағдайды білеміз, оны жұрттан жасыратын ойымыз жоқ. Мұндай қиындықты көптеген мемлекет басынан өткеріп жатыр. Біз "өсім ауруы" мәселесін міндетті түрде шешеміз. Нақты жоспарымыз бар",- деді президент.
Бұған дейін мемлекет басшысының Трамптың "ақылға сыйымды ой" стратегиясы туралы пікір білдіргеннін жазғанбыз.