Қысқы көрініс: Астананы бұрын-соңды болмаған қалың қар басты – фоторепортаж
Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Желтоқсан айы елорда үшін әдеттен тыс өтті: жауын-шашын аз болды, ауа температурасы нөлден жоғары сақталып, күздің соңы ұзаққа созылғандай әсер қалдырды. Қала тұрғындары әзілмен "есесін қайтарады" деп күткен еді, көп ұзамай солай болды да. Ай соңына қарай қар жауа бастады, ал бүгін Астана қалың қар жамылып оянды.
Түн ішінде қаланы қалың қар басып, таңғы уақыттағы қозғалысты едәуір қиындатты.
Қала әкімдігінің мәліметінше, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Көшелерге арнайы техника шығарылып, жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтары тазалануда.
Тек бір түннің ішінде Астанадан 1 277 ауыр жүк көлігінің рейсімен 18 мың текше метрден астам қар шығарылған.
Әдеттегідей, алдымен негізгі магистральдар, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар және қоғамдық көлік аялдамалары тазалануда. Дегенмен қар тазалау жұмыстары тек көлік көп жүретін жерлермен шектелмейді: арнайы техниканы тұрғын үйлер арасындағы тыныш көшелерден де көруге болады.
Қарлы боран көлік қатынасына да әсер етті. Астана әуежайында рейстердің ұшуы мен қонуы бойынша кідірістер тіркелді. Жолаушыларға өз рейстері бойынша соңғы ақпараттарды алдын ала нақтылап алу ұсынылды.
Бұл ретте, қала мектептерінде сабақтар қалыпты режимде жалғасуда. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір оқушылар қашықтан оқыту форматына ауыстырылып, үйде қалды.
Синоптиктердің болжамынша, осы аптада астаналықтарды алғашқы аяздар күтіп тұр. Ауа температурасы біртіндеп төмендеп, түнгі уақытта термометр бағаны минусқа түседі.
Айта кетерлігі, елдің оңтүстігінде ауа райы өзгеше. Мәселен, бүгін Алматыда ауа температурасы шамамен +5 градус. Дегенмен, бұл да ұзаққа созылмайды. Алдағы күндері мегаполиске қар аралас жаңбыр жауып, демалыс күндері сақылдаған сары аяз күтіп тұр.






