Президент пен Құрылтай арасындағы тепе-теңдік қалай қалыптастырылады – Әділет министрі түсіндіріп берді

Аппарат Правительства РК, Правительство РК, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.01.2026 12:56 Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 2026 жылғы 26 қаңтарда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында енгізу ұсынылып отырған түзетулер туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, өзгерістер азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстар негізінде әзірленген.

Түзетулерді Конституцияның Үкіметтің жекелеген функцияларын, Конституциялық соттың, прокуратура органдары мен сот билігінің қызметін, адам құқықтарын қорғау тетіктерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды, жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режим белгілеу қағидаттарын, сондай-ақ Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін реттейтін бөлімдері мен баптарына енгізу ұсынылып отыр.

Түзетулердің жеке бір тобы бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты болады. Атап айтқанда, Құрылтай төрағасын тағайындау тәртібі, депутаттық корпусты қалыптастыру және өзге де рәсімдік мәселелер регламенттеледі.

Ерлан Сәрсембаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібінің маңыздылығын ескере отырып, оны реттейтін нормаларды Конституцияның жеке бір бөліміне шығару ұсынылып отырғанын атап өтті.

Үкіметтің функцияларын қайта регламенттеу аясында мемлекеттік бағдарламаларды бекіту, сондай-ақ мемлекеттік комитеттерге қатысты өкілеттіктерді Үкімет құзыретінен алып тастау ұсынылады. Атап айтқанда, олардың қызметіне басшылық жасау, қабылдаған актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру өкілеттіктері.

"Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес, мемлекеттік бағдарламалар бұл жүйенің құжаттары болып саналмайды. Мұндай бағдарламалар қажеттілікке қарай әзірленіп, бекітілетін болады", – деді Әділет министрі.

Ерлан Сәрсембаев 2021 жылдан бастап Қазақстанда мамандандырылған әкімшілік соттардың енгізілуі құқық үстемдігі қағидатын нығайту және мемлекет пен азамат арасындағы нақты тепе-теңдікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болғанын еске салды.

"Осыған байланысты Конституцияның тиісті бабында сот билігі әкімшілік сот өндірісі арқылы жүзеге асырылатынын тікелей көрсету ұсынылады. Бұл әкімшілік соттарға конституциялық-құқықтық мәртебе беріп, жария-құқықтық дауларда азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтеді әрі сот билігіне деген қоғам сенімін арттырады", – деп атап өтті министр.

Сурет: Telegram/konstituciyalikreforma

Оның айтуынша, президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы ретінде мемлекеттің қалыпты жұмыс істеуі үшін негізгі жауапкершілікті өз мойнына алады. Осыған байланысты Конституцияда президенттің Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен келесі лауазымдарға тағайындау жүргізуі ұсынылады:

  • Қазақстан Республикасының вице-президентін;
  • Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін;
  • Конституциялық соттың 10 судьясын;
  • Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін;
  • Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін.
"Аталған лауазымдарға тағайындауға келісім беру қайтадан бас тартылған жағдайда президент Құрылтайды тарату құқығына ие болады. Бұл тетік саяси күштерді ымыраға келуге және жауапты шешім қабылдауға ынталандыратын превентивтік функция атқарады. Жалпы алғанда, ұсынылып отырған модель президент пен Құрылтай арасындағы тепе-теңдікті қалыптастырып, мемлекет басшысының бастамашыл рөлін депутаттық корпустың шешуші дауысымен үйлестіреді", – деп түсіндірді Әділет министрі.

Ол сондай-ақ ұсынылып отырған тәсіл президенттің тағайындаулары тек Құрылтайдың келісімімен жүзеге асырылатынын көздейтінін атап өтті.

Сурет: Telegram/konstituciyalikreforma

Сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздікті, қаржылық тұрақтылықты және құқық үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын президенттің жеке өзі тағайындауы ұсынылады. Бұл лауазымдарға мыналар жатады:

  • Бас прокурор;
  • Конституциялық соттың төрағасы;
  • Жоғарғы соттың төрағасы;
  • Ұлттық банктің төрағасы;
  • ҰҚК төрағасы;
  • Орталық сайлау комиссиясының төрағасы;
  • Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы;
  • Жоғары сот кеңесінің төрағасы;
  • Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы;
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
"Бұл тәсіл аталған лауазымды тұлғалардың мемлекет басшысы алдындағы жеке жауапкершілігі мен есептілігін қамтамасыз етеді, тағайындау үдерісінің жеделдігін арттырады және әсіресе дағдарысты кезеңдерде мемлекеттік билік органдары жұмысының тұрақтылығына кепілдік береді. Бұл нормалар мемлекеттік жүйенің тиімділігін күшейтеді, өйткені ол жекелеген тұлғаларға емес, жария билік институттарының сапасына тәуелді. Қоғам үшін бұл мемлекеттің сыртқы немесе ішкі жағдайларға қарамастан, дәйекті әрі құқықтық алаңда әрекет ететініне деген сенімді білдіреді. Әлеуметтік міндеттемелер орындалады, экономикалық үдерістер жалғасады, халықаралық міндеттемелер сақталады", – деп қорытындылады Әділет министрі.

Бұған дейін Конституциялық комиссияның екінші отырысында Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева Конституциядағы негізгі олқылықтарға тоқталып өткенін жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: