Алматыда кітапханалар желісі кеңейіп, тәулік бойы қызмет көрсететін нысандар көбейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласын "ұйықтамайтын" мегаполиске айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, қалада тәулік бойы жұмыс істейтін мәдени нысандардың саны кезең-кезеңімен көбейіп келеді. , сурет - Zakon.kz жаңалық 28.01.2026 11:56 Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласын "ұйықтамайтын" мегаполиске айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, қалада тәулік бойы жұмыс істейтін мәдени нысандардың саны кезең-кезеңімен көбейіп келеді.

Осы бастама аясында ақпан айынан бастап Алматыдағы тағы 2 кітапхана 24/7 форматта жұмыс істеуге көшеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев мәлімдеді.

Бүгінгі таңда басқармаға қарасты Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 30 қалалық кітапхана кіреді. Барлық кітапханадағы жалпы кітап қоры 1 372 423 данаға жеткен.


"Қалалық кітапханалар заманауи талаптарға сай жаңарып, тұрғындар үшін қолжетімді мәдени әрі зияткерлік кеңістікке айналып келеді. 2025 жылы кітапханаларға келушілер саны шамамен 3,1 миллион болса, ал тұрақты оқырмандар саны 300 мыңнан асты", – деді Данияр Әлиев.

Қазіргі таңда Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, "Alatau Creative Hub" және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана тәулік бойы қызмет көрсетеді. Жұмыс режимі өзгергеннен кейін бұл үш филиалға келушілер саны 70 пайызға артқан. Осы тәжірибені ескере отырып, ақпан айында Қазақстан жазушылар кітапханасы мен Розыбакиев көшесі, 247 мекенжайында орналасқан филиалы 24/7 режимінде жұмыс істеуге көшеді.

Сонымен қатар, қалада кітапхана қызметінің қолжетімділігін арттыру мақсатында сауда орталықтарында, метро бекеттерінде, мектептерде, коворкингтер мен коммуналдық орталықтарда 32 дербес өзіне-өзі қызмет көрсету кітапханасы орнатылған. Бұл нүктелерді 300-ге жуық тұрақты оқырман пайдаланады, ай сайын 500-ден астам кітап беріледі.

Кітапханаларды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2025-2026 жылдары жаңа қалалық 2 кітапхана ашылса, биыл жыл соңына дейін аз қамтылған аудандарда тағы 3 жаңа кітапхана ашу жоспарланып отыр.

Кітап қорын цифрландыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы сканерлеу техникасының көмегімен 70 пайыз кітап қоры цифрландырылып, 2027 жылдың соңына дейін барлық кітап қорын толық цифрландыру жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Орталықтандарылған кітапхана жүйесінде сирек кітаптарды қалпына келтіру зертханасы жұмыс істейді. Бүгінге дейін 335 кітап реставрациядан өтіп, оның 65-і сирек басылымдар қатарына жатады.

Инклюзивті орта қалыптастыру мақсатында Орталықтандарылған кітапхана жүйесінің 8 филиалында көру қабілеті төмен азаматтарға арналған аудио дыбыс және Брайль дисплейі арқылы ақпарат алуға мүмкіндік беретін арнайы жұмыс орындары жабдықталған. Сондай-ақ, Яндекс Қазақстан компаниясымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тегін кітап жеткізу қызметі іске қосылған.

Алматы қаласының кітапханалары осылайша заманауи форматта дамып, тұрғындардың білімге, мәдениетке және ақпаратқа тәулік бойы қол жеткізуіне жағдай жасап отыр.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: