Қазақстан президенті: Ашкөз, жемқорлыққа бейім адам патриот бола алмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық барлау қызметкерлеріне қойылатын талаптарды атап өтіп, патриотизм ұғымына қатысты нақты ұстанымын білдірді., сурет - Zakon.kz жаңалық 28.01.2026 14:41 Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық мониторинг қызметкерлеріне қойылатын талаптарды атап өтіп, патриотизм ұғымына қатысты нақты ұстанымын білдірді.

Президенттің айтуынша, отаншылдық жауапкершілік пен жасампаздыққа негізделуі тиіс.

"Қаржылық барлау қызметкерлерінен нағыз жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарайтын отаншылдықты талап етемін. Мұндай қасиетке ие адамдар жемқорлықтан, ашкөздіктен, сауатсыздықтан ада болуға тиіс. Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды", – деді Президент.

Тоқаев кей адамдардың өзін патриот ретінде көрсетуі мүмкін екенін, алайда шынайы өлшем басқа екенін айтты.

"Әрине, ол өзін патриот санауы, алаулатып, жалаулатып сөйлеуі мүмкін. Алайда ол патриот емес және оны бәрі біледі. Сондықтан бұл арада отаншылдықты дұрыс түсіне білгеніміз абзал", – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл мәселені бұған дейін Ұлттық құрылтай отырысында да көтергенін еске салды.

"Мен бұл жөнінде Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Қазіргі уақытта жаңа Конституцияның мазмұнын қарап жатырмыз. Біз осы өзгерістер аясында патриотизм туралы ұғымды нақтылап, жауапкершілікке әрі жасампаздыққа құрылған отаншылдықты айқындай аламыз деп ойлаймын", – деді Тоқаев.

Оның сөзінше, нағыз патриот қай салада жұмыс істесе де адал еңбек етуі қажет.

"Нағыз патриот барлық жерде, ол Қаржылық мониторинг агенттігі немесе мемлекеттік меншіктегі кәсіпорын болсын, жеке кәсіпкерлік нысаны, университет, мектеп болсын, адал еңбек етуге тиіс. Әркім өз жұмысын жақсы атқарса, оны патриот деп санаймыз", – деді Президент.

Сонымен қатар, тексеру шаралары әлеуметтік міндеттемелерді орындауға кедергі келтірмеуі керектігі айтылды.

"Жалпы, тексеру шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне қатысты жұмысқа кесірін тигізбеуі керек. Бюджет қаражатын уақтылы игеруге де кедергі келтірмеуі қажет. Ақпараттық, коммерциялық қауіпсіздікті және жеке деректерді қорғау мәселесін назарда ұстаған жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін мемлекет басшысы әлеуметтік саладағы қаржылық тәртіпті ретке келтіруді тапсырды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: