Жаңа Конституция жобасы: Егемендік пен аумақтық тұтастық – өзгермейтін құндылықтар

Конституция РК, День Конституции РК, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.01.2026 16:39 Фото: gov.kz
Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасында еліміздің мемлекеттік құрылымын айқындайтын, егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтатын іргелі ережелер қамтылған.

Бұл жөнінде Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияның соңғы отырысында мәлімдеді.

Жобадағы басты ережелер "Конституциялық құрылыстың негіздері" атты бірінші бөлімге енгізілген.

"Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика деп бекітілді. Бұрын бірқатар ғалымдар мен мамандар басқару нысанын нақтылау қажеттігін атап өткен еді, ол ұсыныс енді жүзеге асты", – деді Бақыт Нұрмұханов.

Сонымен қатар, жаңа Конституцияда еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын қарапайым заңмен емес, конституциялық деңгейде айқындау ұсынылған.

"Егемендік пен тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, Республиканың басқару нысаны – ешқашан өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды. Бұл мызғымас талап Конституцияның алғашқы нормаларында бекітілді", – деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.

Комиссияның соңғы отырысында егемендіктің иесі – халық екенін конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс қабылданғанын Бақыт Нұрмұханов атап өтті.

"Бұл идея Конституция мәтінінде көрініс тапты. 4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы деп нақты жазылды", – деді ол.

Сондай-ақ, Конституция мәтінінде "республикалық референдум" ұғымы "жалпыхалықтық референдум" деп өзгертілді. Бұдан бөлек, халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады және өз билігін мемлекеттік органдарға береді, деген норма да бекітілген.

Жобадағы бұл өзгерістер азаматтардың құқықтары мен міндеттерін нығайтуға, биліктің ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімін сақтау үшін маңызды болып отыр. Конституциялық комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасын Парламент пен қоғамдық талқылауға ұсынуды жоспарлап отыр.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: