Қазақстанда кейінгі 10 жылда балалар саны 1,5 млн-ға артқан

Қазақстанда кейінгі 10 жылда балалар саны 1,5 млн-ға артқан, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.02.2026 20:50 Сурет: akorda.kz
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері "Қазақстан балалары" атты 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы таныстырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тұжырымдама Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленді. Алғаш рет балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, білім алуға, денсаулығын қорғауға, сондай-ақ отбасын қолдау мен әлеуметтік қорғауға бағытталған барлық қолданыстағы шаралар мен бағдарламалар бір жүйелі құжатқа біріктірілді.

Брифинг барысында Қазақстанда шамамен 6,9 млн бала тұратыны, бұл ел халқының жалпы санының 34 пайызын құрайтыны атап өтілді. Кейінгі 10 жылда балалар саны 1,5 млн-ға артқан. Бұл тұрақты демографиялық өсімді және балалық шақ саласындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың өзектілігін көрсетеді.

Тұжырымдама бала құқықтарының негізгі бағыттарын қамтитын төрт басым бағыттан тұрады. Олар балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алу құқығы, денсаулықты қорғау, сондай-ақ отбасы және әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтар. Тұжырымдаманың тиімділігін бағалау үшін 10 индикатор айқындалып, оны іске асыру 158 іс-шара арқылы қамтамасыз етіледі.

Құжатта балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылған. Елде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді, барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілген, "111" байланыс орталығы қызмет көрсетуде. Тұжырымдама аясында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын одан әрі дамыту, тәуекелдерді ерте анықтауға арналған цифрлық құралдарды енгізу, сондай-ақ психологиялық және менторлық сүйемелдеуді кеңейту жоспарланған.

Тұжырымдаманың жеке бөлімі цифрландыруға арналған. 2027 жылдан бастап mGov платформасында мемлекеттік қолдау шараларын бірыңғай есепке алуды және отбасылардың қайта жүгінуінсіз баланы ведомствоаралық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін "Баланың жолы" цифрлық жүйесі енгізіледі.

Білім беру саласында мектепке дейінгі және инклюзивті білім беруді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру ұйымдарының сапасы мен жауапкершілігін арттыру жұмыстары жалғасады. Әлеуметтік салада балалар үйлеріндегі тәрбиелеу моделінен отбасылық орналастыру нысандарына көшуге, тәлімгерлікті дамытуға және атаулы қолдауға басымдық беріледі.

"Қазақстан балалары" тұжырымдамасын іске асыру балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғаудың тұтас әрі орнықты жүйесін қалыптастыруға, әлеуметтік және білім беру қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, әрбір баланың дамуына қауіпсіз орта құруға және ұзақ мерзімді әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 27 қаңтарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында "Қазақстан балалары" 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: