"Қазақстан балалары" тұжырымдамасына 1,3 трлн теңге бөлінді – Білім министрлігі түсіндірді
Фото: pexels
Министр атап өткендей, "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы бұрын жүзеге асырылған жүйелі шараларға және қол жеткізілген нәтижелерге сүйенеді, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау саясатын тиімді жүзеге асыруға бағытталған. Құжат 158 іс-шараны қамтып, жалпы 1,3 трлн теңге көлемінде қаржыландыруды көздейді.
Брифинг барысында журналистер тұжырымдаманың бұрын қабылданған бағдарламалар мен стратегиялардан негізгі айырмашылықтарын және оның декларативтік емес, нақты жүзеге асатынына кепілдік бар ма екенін сұрады.
"Құжат ұзақ мерзімді және төрт бағыттан тұрады: білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету және балалардың құқықтарын қорғау. Әр бағытта 10 индикатор мен 150 жоспарлық тармақ қарастырылған. Төрт министрліктің – Білім, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің өзара жауапкершілігі нақты бекітілген. Тұжырымдама балалар құқықтары жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп әзірленіп, бір жыл бойы дайындалды. Барлық шаралар әрбір уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, әр тармаққа қаржыландыру қарастырылған", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің пікірінше, құжат ұзақ мерзімді, балалардың барлық қажетті құқықтарын қамтамасыз етеді және олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасайды, сондай-ақ толық көлемде іске асырылатын болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстандағы оқушыларға қолдау көрсетуге 25 млрд теңге бағытталғаны белгілі болды.