Балиде ресейлік блогерге шабуыл жасаған қазақстандық модельге жаза тағайындалды
Фото: Zakon.kz
Бұл туралы жәбірленуші 5 ақпанда өзінің Telegram-парақшасында мәлімдеді.
"Іс жабылды. Жаза өтемақы төлеу және төрт аптаға бас бостандығынан айыру түрінде белгіленді. Мен кешіремін, бірақ егер адам сабақ алмаса, өмір бәрібір бір күні өз орнын табады", – деп жазды Фадеева.
Оның айтуынша, егер болашақта қазақстандық тарапынан өзіне немесе басқа адамдарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер қайталанса, бұл жаңа істің қозғалуына негіз болады және ол алдыңғы жағдай ескеріле отырып қаралады.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі әзірге бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ.
Оқиға 10 қаңтарға қараған түні Индонезиядағы Бали аралындағы барлардың бірінде болған. 27 жастағы блогер әрі фотограф Карина Фадеева құрбыларымен демалып отырған. Оның сөзінше, олар басқа келушілермен жанжалға түспеген. Алайда мекемеден шығар сәтте қызға ауыр зат лақтырылып, ол есінен танып қалған.
Кейін оның басына металл үстел шамы тигені анықталған. Тергеу деректеріне сәйкес, шамды Гүлсезім лақтырған. Ол оқиға орнында ұсталған.