Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды – Президент теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуды тапсырды

КТЖ, Казахстанские железные дороги, поезд, поезда, вагон, вагоны, ЖД, железнодорожный вокзал, платформа, расписание поездов, пассажиры, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.02.2026 13:27 Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында көлік логистикасын дамыту және теміржол инфрақұрылымын жетілдіру мәселесіне тоқталды.
"Жаңа экономикалық үлгіге көшу барысында көлік логистикасын дамытуға жете мән беру қажет. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет", — деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразия құрлығындағы стратегиялық орнын тиімді пайдалану қажеттілігін атап өтті.

"Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей орнын тиімді пайдаланбасақ, бұл халқымыз кешірмейтін стратегиялық олқылық болуы мүмкін. Сондықтан бұл міндеттің мән-мағынасы ерекше", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көлік-тасымал саласының экономикамен байланысын күшейтуге шақырды.

"Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді экономикалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды қадам", — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол инфрақұрылымын дамыту қажеттілігін нақтылап, статистикалық мәліметтерді келтірді.

"Қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданады. Сондықтан теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет. Бүгінде бірқатар ірі инфрақұрылым жобасының құрылысы аяқталды. Теміржол арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі едәуір жақсарып, теміржолдың жалпы жағдайы тұрақталды. Десек те, еліміздің теміржол транзиті саласындағы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет", — деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жоспарланған жаңа және жаңғыртылатын теміржол жобаларын атады.

"Алайда бұл маңызды мәселе бойынша анық, айқын стратегия әлі жоқ сияқты. Кейбір жерлердегі ахуал тіпті күрделі деуге болады. Биыл "Мойынты – Қызылжар", "Дарбаза – Мақтаарал" бағытындағы жаңа теміржол желілерін іске қосу керек. Сондай-ақ "Алтынкөл – Жетіген" және "Бейнеу – Маңғыстау" теміржолын жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. "Бақты – Аягөз" желісін уақтылы пайдалануға беру керек", — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу қажеттігін атап өтті.

"Аталған мәселелер туралы жиі айтатын болдық, енді нақты нәтижеге куә болайық. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды", — деді Президент.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: