Тоқаев жыл соңына дейін ЖИ көмегімен автокөлік қозғалысын реттейтін цифрлық платформаны іске қосуды тапсырды
Фото: Zakon.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында автокөлік тасымалы мен көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне тоқталды.
"Үкімет теміржолмен қатар автокөлік тасымалын дамытуға қатысты ірі жобаларды да жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алуы қажет", — деді Президент.
Мемлекет басшысы жобаларды нақты атаумен атап, олардың маңыздылығын жеткізді:
"Мен "Қарағанды – Жезқазған", "Орталық – Батыс", "Ақтөбе – Ұлғайсын" бағытындағы жолдың және Қызылорда, Сарыағаш, Рудный қалаларының сыртындағы айналма жолдың құрылысы туралы айтып отырмын", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент автокөлік тасымалын дамыту кезінде жол сапасы мен қауіпсіздікті басты назарда ұстау қажеттігін атап өтті:
"Жаңа жылға дейін жасанды интеллектіні пайдалана отырып автокөлік қозғалысын реттейтін цифрлық платформаны іске қосу керек", — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту және кеден рәсімдерін оңтайландыру мәселесіне тоқталды:
"Біз жүк және жолаушылар транзитін барынша тиімді ету үшін шекарадағы өткізу бекеттерін жаппай жаңғырта бастадық. Былтыр тоғыз бекет іске қосылды. Келесі жылдың соңына дейін тағы 33 бекет толық жаңғыртылады. Цифрлық тәсілдер және жасанды интеллектінің көмегімен кедендік рәсімдерді оңтайландыру керек. Бірақ бақылау да әлсіреп кетпеуге тиіс. Еліміздің және көрші мемлекеттердің ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру керек", — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Smart Cargo" және "Keden" жүйелерінің енгізілуін және толық іске қосылуын жеделдету қажеттігін атап өтті:
"Мен Жолдауымда жүк тасымалын басқаратын "Smart Cargo" цифрлық платформасын, сондай-ақ кеден рәсімдерін жасайтын "Keden" жүйесін енгізуді тапсырдым. Қазір осы жүйелер пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Барлық мекеменің ақпараттық жүйесін өзара кіріктіріп, бұл платформалардың толық іске қосылуын тездету керек. Осылайша, біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесі қалыптасады", — деді Мемлекет басшысы.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript