Атырауда бес жыл бұрын салынған үйлер апатты деп танылды
Сурет: КТК
"КТК" телеарнасының ақпаратына сүйенсек, тұрғындар үйді сатып алу үшін рәсімделген ипотекалық несиелерді кешіруді талап етуде.
Тұрғындар қоныстанғаннан кейін көп өтпей-ақ, қабырғалар жарылып, шатырларды жел ұшырып әкеткенін айтуда. Олардың сөзінше, нысандарды пайдалануға қабылдаған шенеуніктер бүгінде жауапкершіліктен жалтарып отыр.
Шағынаудан тұрғыны Жолмырза Қабдешов бірнеше мекемеге жүгінуге мәжбүр болғандарын, алайда нақты жауап ала алмағандарын айтты.
"Біріншіден, кілтті құрылыс бөлімінен алдық, екіншіден, құжаттарды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығынан рәсімдедік, кейін әкімдікке бардық. Үш ведомстводан жауап талап етіп отырмыз. Бізге үйді бұзу керек деген қорытынды берілді. Мұнда тұру мүмкін емес – іргетасынан бастап шатырына дейін жарамсыз", – деді Жолмырза Қабдешов.
Шағынауданда барлығы 12 коттедж, 28 жеке тұрғын үй және 12 жапсарлас үй бар. Құрылыспен үш компания айналысқан. Тұрғындардың сөзінше, тек 34ді үй салған бір мердігер ғана мәселені шешуге тырысып жатыр, ал қалған компаниялар байланысын мүлде үзген.
Кейбір отбасылар үйлерін ипотекаға алған, алайда қазір өтемақы мәселесін шеше алмай отыр.
Тұрғындардың бірі Мейірбек Бахтияр былай деді:
"Біз 120 шаршы метрлік үйді ипотекаға алдық. Қазір мәселе "Батыс Альянспен" қаралып жатыр. Астанадан сарапшылар шақырдық. Нәтижесінде іргетаста мүлде арматура жоқ екені анықталды. Бірақ өтемақы сомасы бойынша келісімге келе алмай отырмыз. Олар кей үйлерге 30 миллион теңге ұсынып отыр, алайда үй ипотекада болса, оның жартысын банк ұстап қалады".
Оның айтуынша, қалған қаражат жаңа баспана алуға жетпейді.
Тағы бір тұрғын Мөлдір Ырыскалиева олардың үйін салған мердігер компания банкротқа ұшырағанын айтты.
Сараптама қорытындысы үйлердің апатты жағдайда екенін растады. Атырау қалалық әкімдігінің мәліметінше, мердігер ұйымдардың кепілдік мерзімі аяқталған, сондықтан жаңа баспана беру мәселесін жедел шешу мүмкін болмай отыр.
Қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімінің басшысы Арнат Ондасынов түпкілікті шешім сараптама нәтижелері толық зерделенгеннен кейін қабылданатынын айтты.
"Қазір сараптама қорытындысымен танысып жатырмыз. Соның негізінде шешім қабылданады. Тіпті мердігердің кінәсі дәлелденген күннің өзінде, төтенше жағдай режимі аясында әрбір зардап шеккенге бірден баспана бере алмаймыз. Заңға сәйкес, тұрғындар қалалық әкімдікке немесе тиісті мемлекеттік органдарға сот арқылы талап қоюға құқылы", – деді ол.
Барлық үйлер мемлекеттік қаражат есебінен салынған. Құрылыс компанияларына қатысты қылмыстық істер қозғалғанымен, тергеу мерзімдері әзірге белгісіз. Ал бұл уақытта ондаған отбасы қиранды астында қалуы да бек мүмкін.