"Жоқ" деген жауап үшін кек алған: 5 жылға созылған қорқыныш

Хакеры, программисты, кибербезопасность, мошенничество, мошенники, защита данных, взлом данных, личные данные, персональные данные, защита персональных данных, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.02.2026 09:13 Фото: unsplash
Әлеуметтік желідегі қарапайым бас тартудан басталған оқиға бір отбасының өмірін жылдар бойы үрей мен қорқынышта ұстады. Ұлытау облысында киберпол қызметкерлері қудалаудың ең ұзаққа созылған істерінің бірін ашты.

5 жылға жуық уақыт бойы күдікті анонимді аккаунттар мен цифрлық бүркеншік аттарды пайдаланып, бір отбасын жүйелі түрде қудалаған.

Алғашында қысым тікелей қызға көрсетілген — бопсалау, қорқыту, жалған ақпарат тарату. Кейін қудалау одан да қауіпті деңгейге өткен.

Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, күдікті шын адамдай етіп интимдік сипаттағы жалған фото және бейнематериалдар жасаған.

Бұл материалдар интернетте таратылып, туыстарына, таныстарына және үшінші тұлғаларға жіберілген. 2023 жылы жәбірленушінің тұрмысқа шығатынын білген күдікті адам сол қыздың болашақ күйеуінің отбасына ар-намысына нұқсан келтіретін жалған бейнематериалдарды жолдаған.

Соның салдарынан үйлену тойы болмай қалған. Қыз цифрлық кеңістіктен толықтай кетуге тырысқан кезде, қудалау оның жақын туысына бағытталған.

Интернетте жалған анкеталар мен материалдар таралып, отбасының, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға қауіп төнген.

Күдіктінің өзін толықтай жазасызбын әрі анонимді түрде жасап жүрмін деп санағанына қарамастан, киберполиция қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында оның жеке басын анықтады. Заманауи цифрлық технологиялар мен талдау құралдарының көмегімен көп жылға созылған онлайн-қудалаудың артында тұрған нақты тұлға әшкереленді.

Күдікті ретінде Сәтбаев қаласының 22 жастағы тұрғыны анықталды. Ұстау шарасы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен оның тұрғылықты мекенжайында жүргізілді.

Тінту барысында құқыққа қайшы әрекеттерде пайдаланылған компьютерлік техника мен байланыс құралдары тәркіленді. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу барысында оның басқа да киберқылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: