Burger King-тің басы дауға ілікті: Еңбек министрлігі мәлімдеме жасады
Сурет: freepik
Мұндай шуға Threads желісіндегі Жанат Қаратайдың жазбасы түрткі болған. Ол 27 жастағы ұлы Әлібектің жағдайын баяндаған. Оған сүйенсек, Әлібек аталған желінің бір мейрамханасында жұмыс істейді.
Әйелдің айтуынша, Әлібек мектепті және Жүргенов атындағы колледжді "мүсін" мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол пластилинді анимациямен айналысып, әртүрлі салада өзін сынап көрген. Кейін өзіне қолайлы ұжым мен мамандықты тауып, Burger King-те аспаз болып жұмысқа орналасқан.
Жанаттың сөзінше, төрт жыл бойы ұлы тұрақты еңбек етіп, жалақысын алып, тапқан табысын қуана жұмсап жүрген. Ұжымда өзін еркін сезініп, жұмыс көбейген кезде қосымша ауысымдарға қалып, еңбек демалысын жоспарлап, тіпті бір филиалдан екіншісіне ауысып жұмыс істеген.
Алайда жаңа аймақтық басшы Сергей келгеннен кейін жағдай өзгерген.
"Жасырын қысым басталды. Күзден бері Әлібек бұрынғыдай емес еді. Не болып жатқанын түсінбейтінбіз. Кейін оны жұмыстан кетуге мәжбүрлеп жатқанын естідік", – деп жазды Жанат.
Ол сондай-ақ жаңа басшы инклюзивті еңбек қағидаттарымен таныс емес екенін және бұрын даму ерекшелігі бар қызметкерлермен жұмыс істемегенін атап өткен.
"Қазір өзімізді қолға алып, Әлібектің адамдарға деген сенімін қалпына келтіруге тырысып жатырмыз. Басқа айтарым жоқ. Тек кеңес беріңіздерші, жылдар бойы қалыптасқан дүниені жаңадан келген бір адамның бұзуы қаншалықты дұрыс? Онымен жеке сөйлесу – өте ауыр болды. Роботпен сөйлескендей әсер қалдырды. Аутизм спектріндегі адамдардың да бәрімен тең жұмыс істей алатынын бұрын естімегендей", – деп жазды ол.
Бұл жазба қоғамда үлкен резонанс тудырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек құқығы және жұмыс орнындағы жағдай мәселелері қызу талқылана бастады.
Жағдайға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де араласты. Олар істің бақылауда екенін мәлімдеді.
"Алматы қаласының Мемлекеттік еңбек инспекторы Әлібек Қаратайдың тұрғылықты жеріне барды. Қызметкердің әкесімен телефон арқылы сөйлесу барысында өтініш беру тетіктері мен еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктер жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді",- делінген ақпаратта.
Жұмыс берушіден алынған ақпаратқа сәйкес ("QSR" ЖШС (Burger King)), ұйым ішінде қызметтік тексеру жүргізілуде екені атап өтілді.
"Тексеру кезеңінде басшылардың бірін уақытша қызметінен шеттету туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта жағдайдың даму барысы қосымша хабарланатын болады".Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Бұған дейін Қазақстандағы жұмыспен қамтылған және жұмыссыз адамдар саны жарияланғанын жазғанбыз.