Мемлекет басшысы Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады
Фото: freepik
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Рамазан айының басталуына байланысты қазақстандық мұсылмандарға үндеу жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы бұл айдың ондаған және жүздеген миллион адам үшін рухани тазару, адамгершілік тұрғыдан кемелдену, мейірім мен жанашырлық таныту кезеңі екенін атап өтті.
"Құрметті отандастар! Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл. Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, халқымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді." Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің сөзінше, оразаның рухани құндылықтарын қазір әлемде болып жатқан күрделі ахуалды ескере отырып, кемел санамен қабылдау, оның түпкі мағынасын дұрыс түсіну – үлкен имандылықтың белгісі.
Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістердің, түбегейлі жаңғырудың тарихи кезеңіне қадам басты. Жаңа халықтық Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды. Бұл өрлеу және әділеттілік даңғылына түскен мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын Негізгі Заң болмақ. Мемлекет басшысы
Бас құжат мыңдаған жыл тарихы бар мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтуға, еліміздегі саяси, азаматтық, экономикалық институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіріп, күшейтуге жол ашады.
"Біз дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарымызды қастерлей отырып, Құқық пен Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық сияқты мызғымас қағидаттарды терең түсінетін әрі мүлтіксіз сақтайтын ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатырмыз. Мұның бәрі қасиетті Рамазан айының мәңгілік ұлағатымен толық үндеседі. Білімге, тазалыққа және жақсылыққа бастайтын өркениетті қоғамда Рамазан айы жаңа рухани мәнге ие болып, барша жұртқа шапағатын тигізетіні сөзсіз. Қасиетті Рамазан құтты болсын, мұсылман жамағаты!" Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұған дейін Тоқаевтың Вашингтонда отандастарымен кездескені хабарланған болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript