Қызылордадағы көпбейінді аурухана жыл соңына дейін пайдалануға беріледі
Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Облыс тұрғындары үшін аса маңызды әлеуметтік нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынуда. Аурухана заманауи техникалық шешімдерді ескеріп жобаланған, ең озық технологиямен қамтамасыз етіледі. Диагностика және емдеу бойынша заманауи стандарттарға сай келетін жоғары технологиялық инновациялар енгізіледі, бұл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырады. Осылайша Қызылордада шетелдік клиникалардан еш кем түспейтін заманауи медициналық кешен пайда болады.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Мелиоратор" серіктестігі қолға алған жобаға 36 млрд 416 млн теңге қаржы қаралған. Бұл – аймақтағы халықаралық стандарттарға сай, ең ауқымды жобалардың бірі. Аумағы 57 мың шаршы метр, 7 гектар жерге орналасқан. Нысан 10 блоктан тұрады: емхана, пансионат, конференц-зал, асхана, физиотерапия, қабылдау бөлімі, әкімшілік, реанимация, химиотерапия және радиотерапия, операциялық бөлім.
Құрылысы екі жыл бұрын басталған ғимаратты салу барысында осы уақытқа дейін 21 млрд. теңге қаражат игеріліп, жұмыстың 70 пайызы еңсерілді. Қалған 16 млрд. теңге осы жылы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген. Қазіргі таңда бетон жұмыстары толық біткен, ал кірпіш қалау аяқталып қалды.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жақын арада құрылысшылар терезесін салып, қасбетін бастайды. Сонымен қатар, жылу құбырлары орнатылып, қажетті тораптарға қосылуда. Электр желісі тартылып, тарату нүктелері дайындалды. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде. Жоспар бойынша күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, жыл соңына дейін құрал-жабдықтарын орнатып, пайдалануға береді.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бүгінде құрылыс басында 200-ге жуық адам, 15 техника бар. Газоблог, инженерлік жүйелерге қажетті материалдар жеткілікті.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 12 облыста заманауи перинаталдық орталықтар салу көзделген. Бүгін Қызылорда қаласында халықаралық тәжірибе мен озық медициналық технологиялар енгізілетін 200 төсектік перинаталдық орталықтың іргетасы қаланды. Нысанға 2,7 гектар жер телімі бөлініп, 48,8 млрд теңге қаражат қаралған.