Қазақстан шекарасын күзеткен иттер аукционға шығарылды: әрекет желіде қызу талқыға түсті
Сурет: sauda.e-qazyna.kz
Sauda.e-qazyna.kz сауда алаңында "тірі" лоттарды қазақстандық Байрам Баубекұлы байқап, бұл туралы Threads желісінде жазба жариялаған. Сатылымға алты ит – неміс овчаркалары Маркиза, Майбах, Марла, Морек, Мариса және бельгиялық овчарка Майра шығарылған. Сатушы – ҚР Қорғаныс министрлігінің Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы комитетіне қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын "Қазарнаулыэкспорт". Ал иттер Қостанай облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінде ұсталынған.
Жануарларды 935 теңгеден бастап бағалаған.
"Мен шынымен таңғалдым. Үш жыл бойы порталмен жұмыс істеп жүріп, мұндай лоттарды көрмеппін. Сондықтан хабарландыруды әлеуметтік желіге салдым, жарты сағат өтпей жатып қызыққан адамдар маған хабарласа бастады", – деді Байрам "Наш Костанай" сайтына берген сұхбатында.
Заңға сәйкес, қызметтік иттер құқық бұзушыларды анықтау және кезекшіліктерді күшейтуге арналған "мүлік" санатына жатады. Норматив бойынша иттердің қызмет етуінің шекті жасы – 8 жыл 3 ай. Ал аукционға қойылған иттердің барлығы биыл 10 жасқа толған.
"Бейжай қарамайтын, иттерді қамқорлығына алуға ниетті жандан баршылық екен. Алайда, өкінішті-ақ, олар ертеңгі аукционға қатысу үшін тіркеліп үлгермейді. Сондықтан мен өзім қатысамын. Егер жеңіп шықсам, иттерді сенімхат арқылы жаңа иелеріне табыстаймын", – деп жазды ол 19 ақпанда.
Бүгін аукцион өтті. Уәдесінде тұрған Байрам барлық иттерді сатып алған.
"Жазып, қоңырау шалып, бөлісіп, қолдау көрсеткен әр адамға рахмет. Оқырмандар мен журналистерге алғыс – сіздерсіз бұл мүмкін болмас еді... Біз мұны бірге жасадық", – деп жазды жанашыр қазақстандық.
Бұған дейін Алматы облысында әйелді иттер талап тастағанын жазғанбыз.


