22 жылын полиция қызметіне арнаған ару
Сурет: ҚР ІІМ
Осындай "погонды арулардың" бірі – полиция майоры Асел Байтокина. Ол саналы ғұмырының 22 жылын полиция қызметіне арнады.
Еңбек жолын 2004 жылы полиция департаментінде бастаған. Кейін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшеде 10 жыл қызмет атқарып, одан әрі көші-қон полициясында жұмысын жалғастырды.
"Мен бала кезімнен полицияда қызмет етуді армандадым.Маған әрдайым нағашы апам үлгі болды, қазір ол зейнеткерлік демалысында. Оның форма киіп, жұмысы туралы әңгімелегені қатты ұнайтын. Біздің қызметте кәсіби білімнен бөлек, сабырлылық, мақсатқа ұмтылу және өзіңе деген сенімділік қажет. Жұмыс көлемі үлкен, жауапкершілік жоғары. Соған қарамастан әр жаңа жұмыс күніне күш пен жігер табуға тырысамыз. Иә, міндет оңай емес, бірақ погонды әйелге ол да лайық, – дейді Асел.
Көші-қон қызметіндегі әйелдер – сирек құбылыс емес, керісінше заңдылық. Бұл салада құжаттармен мұқият жұмыс істеу, күн сайын түрлі мәселемен келген азаматтармен тілдесу маңызды.
Егер мамандығыңды сүймесең, бұл салада жұмыс істеу мүмкін емес. Бізге келген әр адамның өз уайымы, өз мәселесі бар екенін ұмытпау қажет. Біз әрдайым ұсыныс-пікірлерді объективті қабылдап, адамдар үшін және адамдармен жұмыс істейтінімізді түсінеміз, – деп атап өтті офицер.
Қызметте Асел Байтокина – көші-қон қызметінің инспекторы, әріптестеріне әрдайым қолдау көрсететін, жанашыр әрі жауапты маман. Ал үйде – қамқор жар, екі ұлы Әлихан мен Тамерланның және қызы Айлананың сүйікті анасы. Әріптестері оны ерекше құрметпен атайды: жауапты, іскер, мінезі берік, жүрегі мейірімді. Бүгінде оның мойнында бөлімшенің жұмысын ұйымдастыру, жас қызметкерлерге қолдау көрсету және тәлімгерлік ету міндеті бар.
Полиция қызметінің барлық қиындығын жақсы білетін кейіпкеріміз еліміздің әйелдеріне әрдайым көздерінде от пен сенім болуын тілейді. Қандай жағдай болмасын, қылмыспен күресуге, елін, отбасын қорғауға, балаларға үлгі болуға деген ниет сөнбесін, әрі ең қымбат жандарға уақыт табылсын деген ізгі тілегін білдіреді.