Жаңа Конституция жобасында Қазақстан халқы биліктің бастауы және Егемендіктің иесі – Тоқаев
Фото: Zakon.kz
Президенттің сөзінше, жаңа Конституция – елдің алдағы онжылдықтағы орнықты дамуына негіз болатын саяси тұғыр.
Тоқаев конституциялық реформаны 2022 жылы енгізілген өзгерістермен байланыстыра отырып түсіндірді. Сол кезде Ата заңның үштен бірі жаңартылған болатын.
"Бізге сол уақыттың өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Алайда бірқатар саяси жаңашылдықты жүзеге асырып, содан кейін ғана конституциялық негіздерді біртіндеп өзгертуге кірісу жөнінде шешім қабылданды. Бұл менің жеке шешімім", – деді Президент.
Қазіргі конституциялық реформа қоғам сұранысына сай жасалып, халықтық сипатқа ие болған. Бастапқыда күн тәртібінде тек парламенттік реформаның мәселесі қойылған еді. Алайда қоғамдық талқылаулар кеңейіп, азаматтардан төрт мыңға жуық ұсыныс түсті. Оның 15 пайызы Парламенттің қызметіне қатысты, ал қалғаны ауқымды конституциялық реформаның әртүрлі аспектілерін қамтыды. Комиссияға түскен өтініштердің жалпы саны 12 мыңға жеткен.
Негізгі заң жобасына қатысты талқылаулар жарты жылдан астам уақытқа созылып, БАҚ-та кеңінен жарияланды. Азаматтар eGov және eOtinish платформалары арқылы ойларын ортаға салып, әлеуметтік желілер арқылы комиссия отырыстарын миллионнан астам адам тікелей эфирден көрді.
Президент Тоқаев Конституциялық комиссияның жұмысын да жоғары бағалады.
"Ауқымы жағынан да, құрамындағы мамандардың кәсіби деңгейі тұрғысынан да теңдесі жоқ Комиссия мыңдаған ұсынысты жүйелеп, ретке келтірді. Барша азаматқа, соның ішінде өз ұсыныстарын жолдағандарға шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді.
Барлық негізгі мәселелер бойынша сарапшылар ортақ мәмілеге келген соң жаңа Конституцияның соңғы жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, республикалық референдумға шығарылды. Президенттің сөзінше, алдағы жексенбіде халқымыз дауыс беріп, бұл референдум Қазақстан тарихында ерекше орын алатын болады.