Мемлекет басшысы әрбір шешімді тек ұлт мүддесі тұрғысынан қабылдайтынын айтты

Жаңа Конституция жобасында "ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі" деп нақты жазылған - Мемлекет басшысы , сурет - Zakon.kz жаңалық 12.03.2026 15:28 Сурет: akorda.kz
Жемқорлардың, тіпті олардың соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылғанына немесе алынғанына қарамастан, сайлануға құқығы жоқ. Мемлекет басшысы бүгін, 12 наурызда мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында дәл осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, "Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды" деген бап та әділдік қағидатына толық сай келеді. Жаңа Конституция жобасында "Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi" деп нақты жазылған.

"Негізгі заңда адвокатура институты бекітіліп, сондай-ақ Миранда ережесі енгізіледі. Бұрын-соңды мұндай болған жоқ. Осы арқылы азаматтың сотта қорғалу және заң көмегін алу құқығына мемлекет беретін кепілдік күшейеді. Жеке өмірге қол сұқпау құқығын Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды. Бұл жерде тек жеке салымдар мен жазысқан хаттардың құпиясын заңмен қорғау туралы сөз болып отырған жоқ. Банк операцияларының, дербес деректердің құпиялығын қамтамасыз ету Конституция бойынша қорғалады. Цифрлық технология мен қаржы секторы қарыштап дамыған қазіргі заманда бұл өзекті мәселеге айналды. Бұдан бөлек, Қазақстанда дербес деректер мен цифрлық құқықтың қорғалуына кепілдік беруді Негізгі заң деңгейінде бекіту жоспарланып отыр". Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің сөзінше, алғаш рет білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің конституциялық қағидаты ретінде танылмақ. Мемлекеттің, әсіресе, білім беру жүйесінің зайырлы сипатқа ие болуы айрықша маңызға ие.

"Біз төрткүл дүниенің дарындарын өзімізге тартып, инвестициясын игеретін мықты елге айнала аламыз. Оған әлеуетіміз жетеді. Бұл – адам капиталының сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі. Сондықтан зияткерлік меншікті тұңғыш рет Конституция деңгейінде қорғау ұсынылып отыр. Бұл, өз кезегінде, креативті экономиканың дамуына тың серпін береді. "Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды" деген норма енгізілді. Осылайша, біз тұрақты әрі түсінікті құқықтық, инвестициялық орта қалыптастырамыз. Азаматтарымыз өз құқы бұзылмайтынын, қорғалатынын біліп, олардың алаңсыз өмір сүруіне және кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалады". Мемлекет басшысы

Сонымен қатар жекелеген аумақтар мен "қарқынды дамитын қалалар" үшін арнаулы құқық режимін белгілеу ұсынылып отыр.

"Осы нормаға байланысты еліміздің аумақтық тұтастығына қауіп төндіреді деген қауесет тарай бастады. Әдетте мұндай ауыр айыптауды әлемдік тәжірибеден мақұрым, заңнамалық сауаты жоқ адамдар айтады. Айтпақшы, жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген. Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық. Осы орайда қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ". Қасым-Жомарт Тоқаев

Жаңа Конституция жобасында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі" деп нақты жазылған, деп баса айтты ол.

"Бұл ретте ана тіліміз тек көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын. Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады. Қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделе алуымен ерекшеленеді. Олар қазақша мен орысшаны қоса алғанда, үш-төрт тілді еркін меңгереді. Мұны айналамыздан күнде көріп жүрміз". Мемлекет басшысы

Президенттің пікірінше, "Саяси буллингпен" шетелдік азаматтардың айналысатыны өз алдына. Бірақ осы қитұрқы әрекетке өз азаматтарымыздың баруын, оның үстіне себепсіз соқтығуын түсіну өте қиын.

"Кейбіреулер өз бағасын асырып, жұрт алдындағы беделін көтеру үшін ұлт мүддесіне шекеден қарап, шектен шығады. Тым болмаса жаңа Конституцияның идеологиялық және саяси мәніне, ұсынылған нормалардың қандай рөл атқаратынына бір сәт үңіліп көрген жөн. Біз арнаулы режимді тек қаражат, яғни капитал тарту үшін енгізіп отырмыз. Мұндай артықшылық қаржылық басқару, салық жеңілдіктері және сот рәсімдеріне қажетті жұмыстарды қамтамасыз ету үшін беріледі. Мәселен, осындай режим Алатау қаласына қатысты қолданылмақ. Конституцияда арнаулы құқық режимін бекіту арқылы біз инвесторларға қолайлы жағдай жасаймыз. Жер жүзіне Қазақстанды тұрақты, ашық, кедергісіз және ішкі нарықтағы ахуалы айқын ел ретінде көрсетеміз. Мұндай аумақтар Қазақстанның біртұтас конституциялық, құқықтық кеңістігінің ажырамас бөлігі саналады және солай болып қала береді. Конституциялық жүйенің аса маңызды бөлігі ретінде еліміздің аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік құрылымы мызғымас сипатқа ие".Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұған дейін Қазақстан цифрландыру мен әлеуметтік саясат арқылы дамудың даңғыл жолында екенін жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: