Үкімет медициналық қызмет сапасын арттыруға арналған кешенді жоспарды бекітті

Больница, поликлиника, медицинское учреждение, медучреждение, врачи, доктора, прием у врача, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.03.2026 09:16 Фото: akorda.kz
Қазақстан Үкіметі 2026–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында медициналық көмектің сапасын басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі кешенді жоспарды бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжат медициналық қызмет сапасын бақылау мен басқарудың деректерге, цифрлық технологияларға және жасанды интеллект құралдарына негізделген заманауи моделіне көшуге бағытталған.

Жоспарда реттеудің тиімділігін арттыруға, процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге және медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты түрде жақсартуға арналған кешенді әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын шаралар қарастырылған.

Құжаттың негізгі мақсаты – пациент медициналық қызмет сапасын бағалау мен бақылау процесінің белсенді қатысушысына айналатын модель қалыптастыру.

Кешенді жоспарда жүйені дамытудың төрт стратегиялық бағыты айқындалған:

  1. медициналық қызмет көрсету саласындағы реттеу құралдарын жаңғырту;
  2. жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып сапа сараптамасының жаңа моделін қалыптастыру және Ұлттық сапа институтын құру;
  3. кәсіби медициналық қауымдастық пен пациенттердің рөлін күшейту;
  4. сапаны басқару жүйесін цифрлық трансформациялау.

Үкіметтің пікірінше, бұл жоспарды іске асыру медициналық көмектің сапасын реттейтін бірыңғай жүйе құруға, медициналық ұйымдар жұмысының ашықтығын арттыруға және басқарушылық шешімдерді объективті деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді.

2030 жылға дейін көрсетілетін қызметтердің негізгі сапа көрсеткіштерін жақсарту көзделген.

Сапаны басқару жүйесіне цифрлық трансформация жүргізіледі. Оның аясында профилактикалық бақылау жүйесі енгізіліп, сарапшыға арналған автоматтандырылған жұмыс орны құрылады, сондай-ақ лицензиядан кейінгі бақылау процестері цифрландырылатын болады.

Заңнамаға енгізілетін өзгерістер шеңберінде 2028 жылдан бастап ТМККК/МӘМС қызметін жеткізушілер үшін міндетті аккредитация талаптарын бекіту, сондай-ақ аккредитациядан кейінгі мониторингті цифрландыру жоспарланып отыр.

Медициналық ұйымдарды лицензиядан кейінгі мониторингпен қамту деңгейі 70%-ға жетеді, ал олардың кемінде 80%-ы жаңа стандарттар бойынша аккредиттеледі.

Сонымен қатар Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының базасында Ұлттық сапа институтын құру жоспарланған. Ол әдістемелік және талдамалық орталықтың функцияларын атқарады.

Институттың қызметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының техникалық қолдауымен жүзеге асырылады. Бұл Қазақстанда пациенттердің қауіпсіздігіне қатысты халықаралық деңгейде мойындалған стандарттарды енгізуге және озық тәжірибелерді оқытуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, медициналық көмектің сапасын басқару процестерінде медицина қауымдастығы мен пациенттердің рөлін күшейту көзделген. Кәсіби бірлестіктер сапаға тәуелсіз сараптама жүргізуге және мамандардың клиникалық ойлау қабілетін бағалауға тартылатын болады. Сонымен қатар пациенттерді қолдау қызметтерін цифрландыру азаматтардың өтініштеріне нақты уақыт режимінде жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 2028 жылға дейін медициналық көмек көрсету стандарттары мен қағидаларын толық цифрландыру және 2027 жылдан бастап сапа сараптамасының үш компонентті моделін енгізу жоспарланған.

2028 жылға қарай медициналық көмектің сапасы мен көлеміне жүргізілетін мониторингтің кемінде 20%-ы жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылмақ.

Үкіметтің қорытындысына сәйкес, жоспарды іске асыру жүйеге қатысушылардың іс-қимылын үйлестіруге, басқару процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: