Елімізде қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау күшейтілмек

Работник, работники, рабочий, люди на производстве, производство, завод , сурет - Zakon.kz жаңалық 18.03.2026 16:57 Фото: primeminister.kz
2026 жылғы 18 наурызда Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттар еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Заң жобасындағы жаңашылдықтарды Мәжіліс депутаты Арман Қалықов таныстырды. Оның айтуынша, құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленіп, еңбек саласындағы бірқатар құқықтар мен кепілдіктерді жетілдіруге бағытталған.

"Заң жобасы қызметкерлер құқықтарының қағидаттарын кеңейтуді ұсынады. Оның ішінде қызметкердің ар-намысы, қадір-қасиеті мен жеке өміріне қол сұқпаушылық кепілдіктерін енгізу көзделген. Қазіргі жағдайда қызметкер тұлғасына құрметпен қарау, оның беделі мен жеке өмірін қорғау мәселелері ерекше өзекті", – деді депутат.

Сондай-ақ, егер қызметкердің соңғы жұмыс күні уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңіне немесе әлеуметтік демалысқа сәйкес келсе, оны айқындау тәртібін нақтылау ұсынылады.

Бұдан бөлек, заң жобасында ауысым алдындағы медициналық тексеруден өту уақытына ақы төлеу қарастырылған.

"Бұл норма жұмыс беруші талап ететін міндетті рәсімдерге жұмсалған уақытты әділ есептеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай тексеруден өту еңбек міндеттерін орындаумен байланысты болғандықтан, ол уақыт міндетті түрде есепке алынып, тиісті түрде төленуі тиіс", – деп түсіндірді депутат.

Сонымен қатар, Еңбек кодексіне еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторлар туралы норма енгізу ұсынылады. Оларға ақпарат сұрату, ұйым бөлімшелеріне бару, жазатайым оқиғаларды тергеуге және тексерулерге қатысу, еңбек жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізу, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігіне қатысты құжаттарды әзірлеуге қатысу құқықтары беріледі.

Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың еңбек, қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру міндеттерін бекіту көзделіп отыр.

"Бұл норманы қабылдау жергілікті органдардың рөлін күшейтіп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, еңбек заңнамасы бұзушылықтарының алдын алуға және қызметкерлердің құқықтарын тиімді қорғауға ықпал етеді", – деп түйіндеді Арман Қалықов.

Бұған дейін депутат мемлекеттік қызметшілерге жұма күні демалыс беруді ұсынғанын жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: