Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесті

Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесті, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.03.2026 17:14 Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент ғылыми қауым алдында сөйлеген сөзінде бүгінде түрлі мемлекеттер арасында технологиясы озық ел болу үшін қарқынды күрес жүріп жатқанын атап өтті.

"Біз еліміз өсіп-өркендесін десек, ең алдымен, цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуына баса мән беруіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі ең маңызды мақсатымның бірі. Жалпы, соңғы уақытта бұл салада ауқымды шаруа атқарылды, әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Кейінгі бес жылда ғылым саласына салынған инвестиция көлемі алты еседен асты. Елімізде зерттеу университеттері көбеюде, олардың нақты өндіріспен байланысы нығайып жатыр. Үкіметтің мәліметі бойынша, қазір 200-ден аса коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, "Университет – зерттеу – инновация – коммерция" экожүйесі біртіндеп пайда болып жатыр. Ғылым қалашықтары салынып, технология парктері және инжиниринг орталықтарының құрылысы басталды. Бір сөзбен айтқанда, ғылым саласында көп жыл бойы болмаған оң үрдістер байқалып жатыр. Бұл өте маңызды жұмысқа сіздер де белсене атсалысып жүрсіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Мемлекет басшысы.

Президент енді еліміздің жаңа Конституциясына сай ғылым саласы бұдан да жоғары қарқынмен дамитынына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ата заңымызда ғылымның өрісін кеңейту негізгі стратегиялық басымдықтың бірі ретінде көрсетіліп отыр.

Бұл университеттерді, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, ғалымдардың жағдайын жасау – Үкімет жұмысының бір бағыты ғана емес, мемлекеттің конституциялық міндеті ретінде бекітілді деген сөз.

"Қазақстанда 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Онда 27 мыңнан аса ғалым мен ғылыми қызметкер еңбек етіп жүр. Бұл – өте үлкен академиялық корпус. Әсіресе, ғылыми ортаның жасарып келе жатқаны қуантады. Отандық ғалымдардың жартысына жуығы 40 жасқа толмаған. Ұрпақтар сабақтастығы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан әлемде ғылымның заман талабына сай болуына мүмкіндік береді. Мен қазақ ғылымының келешегіне үмітпен қараймын. Әйтсе де халықаралық тәжірибемен жете таныс адам ретінде отандық ғылымның қазіргі жай-күйін асыра бағалаудан, "толайым табысқа жетті" деп айтудан аулақпын. Дегенмен ғылымды дамыту үшін бізде инфрақұрылым да, адами әлеует те бар. Үкімет пен ғылыми қоғамдастықтың алдында ортақ стратегиялық мақсат тұр. Ол – анағұрлым тиімді ғылыми орта қалыптастыру, экономикадағы инновацияны ынталандыру, ғылымды өндіріспен барынша ұштастыру. Ашығын айтқанда, шешімін күткен мәселе шаш етектен", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қаржыландыру ісіне қатаң тәртіп керек, қаражатты басымдықтарға қарай жұмсаған жөн деп санайды.

"Мемлекет соңғы алты жылда ғылымға арналған қаржыны бірнеше есе ұлғайтты. Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті, бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қаржыландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз. Бас прокуратура салалық министрлікте және Ғылым қорында көптеген әрі ауқымды қаржылық заңбұзушылықтарға жол берілгенін әшкереледі. Неліктен осылай болғанын тап басып айту қиын. Грант алушыларды аккредиттеуден бастап қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер көзге көрініп тұр. Менің түсінігімде, ғылым мен жемқорлық бір біріне кереғар құбылыс, екеуі қатар аталмауға тиіс. Мемлекет қаржысын жымқырғысы келетін кез келген әрекетке тосқауыл қоятын сүзгі не кедергі жоқ. Ғылыми үдерісті дамытудың тұжырымды көзқарасы қалыптаспаған. "Әйтеуір қаражатты қалайда игерсек болды" деген ұстаным тамыр жайған. Ғылыми жұмыстың нақты пайдасы, жаңашылдығы қандай? Оған ешкім бас қатырмайды. Бұған қоса, сараптама ұзаққа созылады. Жобалар уақтылы іске аспайды. Үкімет аталған мәселелерді егжей-тегжейлі тексеріп, жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет", – деді Президент.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: