Жетістіктерге тоқмейілсімей, жаңа мақсаттарға ұмтылуымыз қажет – Тоқаев
Сурет: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесуінде елдің даму бағыты, ғылым мен білімнің рөлі және ұлттық мақсаттар туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы келер ұрпақ алдында тарихи жауапкершіліктің жоғары екенін атап өтті.
"Келер ұрпақ біздің кейбір кемшіліктерімізге көз жұма қарайтын шығар. Бірақ олар Қазақстанды Әділетті, Қуатты мемлекетке айналдыратын, заң мен тәртіп, тазалық, табиғатты аялау, білім және ғылым салтанат құратын мүмкіндікті мүлт жібергенімізді ешқашан кешірмейді. Қазақстан осындай ел болуы керек. Біздің түпкі мақсатымыз – осы". Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент адам капиталын дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, елдің болашағы ғылыми қауымдастықтың жұмысына тікелей байланысты.
"Біз адам капиталының сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет. Еліміздің ғылыми және академиялық қауымдастығының барлық өкіліне қарата айтқым келеді. Қазақстанның ертеңі қандай болады, қаншалықты жаңашыл әрі озық елге айнала аламыз? Бұл сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жұмыстарыңыздың нәтижесіне, ашқан жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Баршамыз күш жұмылдыра отырып, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыра алатынымызға сенемін", – деді ол.
Сондай-ақ, Тоқаев қол жеткізілген жетістіктерге тоқмейілсімей, жаңа мақсаттарға ұмтылу қажет екенін айтты.
"Біз қол жеткізген нәтижеге тоқмейілсіп, көрсеткіштермен мақтанбауымыз керек. Керісінше, жаңа мақсаттарға жету үшін тынымсыз еңбек етуіміз қажет. Әлемдік бәсеке күшейген кезеңде біз әрдайым жеңімпаз болуымыз керек. Қазақ халқы қандай жағдай болса да, өркениет көшінен қалмауға тиіс. Тарихымызда қилы қасіретті бастан өткердік. Осы бақ-қуатты өмірге жету үшін талай зобалаңды көрдік. Өркениет бізге өздігінен келмейді. Оны өздеріңіз де түсінетін шығарсыздар. Оған қол жеткізу үшін қоғам жұдырықтай жұмылып, күш біріктіруі қажет. Ғалымдар, технологтар, кәсіпкерлер, білімді азаматтар, тіпті, студенттер де ортақ іске атсалысқаны жөн", – деді Мемлекет басшысы.
Президент өңірлерде ғылым мен инновацияны дамыту жұмыстары күшейтілгенін жеткізді. Бұл бағытта әкімдерге қосымша өкілеттіктер берілген.
"Жалпы, мемлекет өңірлерде ғылым мен инновацияны дамытуға ерекше назар аударып отыр. Соған сәйкес әкімдерге ғылыми-технологиялық саясатты жүргізу құзыреті берілді. Аймақтардағы 11 жоғары оқу орнында академиялық артықшылық және зерттеу орталықтары құрылып жатыр. Бұл орталықтар баламалы энергетикадан бастап биотехнология саласына дейін әртүрлі бағыттар бойынша маңызды зерттеулер жүргізетін болады. Түптеп келгенде, біз білім-ғылымды өзгелерден құр көшіріп алмай, өзіміз жасауымыз керек. Әлемдік ғылымда өзекті зерттеулер жасай алатын ғалымдар буынын тәрбиелеуіміз қажет", – деді ол.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript