Қасым-Жомарт Тоқаев: Озық елдердің негізгі қозғаушы күші – білімді, ақылды, еңбекқор адамдар
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы жасанды интеллект дәуірінде халық саны шешуші фактор емес, адамдардың білімі мен қабілеті маңызды екенін айтты.
"Білімді, ақылды, еңбекқор, ұқыпты адамдар – озық елдердің негізгі қозғаушы күші. Біз де озық ел болғымыз келсе, осы саясатты тиімді түрде іске асыруымыз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, озық елдер дамудың басты қозғаушы күші ретінде қабілетті, дарынды азаматтарды, ғалымдарды, әсіресе жастарды қолдап, оларға барлық қолайлы жағдайды жасайды. Сол себепті Қазақстанда да адам капиталының сапасын барынша жетілдіру және оны халықаралық стандарттарға сай дамыту аса маңызды. Бұл – жаңа дәуірдегі бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты және мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық дамуының кепілі.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы үкіметке білім беру саласына ерекше назар аударуды, жастарды және ғылыми кадрларды қолдауды, заманауи технологиялар мен инновациялық әдістерді білім процесіне енгізуді тапсырды.
"Осы заманауи үрдісті саналы түрде қабылдап, үлкен дайындықпен қарсы алуымыз қажет. Бұл – бұрын-соңды болмаған, жаңа дәуірдегі аса маңызды міндет", – деді Президент.