600-мыңыншы ақтөбелікті қала әкімі Азамат Бекет құттықтады
Сурет: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақтөбенің 600 мыңыншы тұрғыны — Мансұр есімді нәресте. Ол қаланың 8-ші шағын ауданында тұратын Құрмашевтар отбасында дүниеге келді. Қала әкімі Азамат Бекет осы қуанышты сәтте жас отбасының шаңырағына сыйлығымен арнайы барып, ақжарма тілегін білдірді.

Сурет: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Құрмашевтар әулеті — еңбекқор Ақтөбенің нағыз үлгісі. Отағасы Жасұлан — телекоммуникация саласының маманы, ал анасы Айсұлу — жас дәрігер. Кішкентай Мансұр — бұл әулеттің тұңғышы әрі көп жыл зауытта еңбек еткен Амангелді Құрмашевтің алғашқы немересі.

Сурет: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Кездесу өте жылы әрі ерекше мейірлі өтті. Нәрестенің әжесі Алуаш апай ізгі дәстүрмен "ырым болсын" деп, қала әкіміне Мансұрдың иткөйлегін сыйға тартты. Бұл — жақсылықтың нышаны, қаламызға береке мен ырыс әкелсін деген ақ тілек еді.

Сурет: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала әкімі Азамат Бекет халық санының қарқынды өсуі — Ақтөбенің дамуы мен тартымдылығының басты көрсеткіші екенін атап өтті.
"Қаламыз соңғы жылдары тек сан жағынан емес, ауқымы жағынан да едәуір өсті. Жаңа үйлер бой көтеріп, инфрақұрылым жақсаруда. Біздің басты мақсатымыз — әрбір тұрғынға жайлы орта қалыптастыру. Әрине, біз үшін әлеуметтік нысандарды салу — ең басты басымдық", — деді әкім.
Қала басшысының айтуынша, бала санының артуына байланысты білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Ақтөбеде 121 мектеп (оның 8-і соңғы біржарым жылда ашылды) және 245 балабақша жұмыс істеп тұр. Жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Сурет: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Статистика департаментінің басшысы Айбек Ғалымжанов 600-мыңыншы тұрғынды анықтау үшін қатаң демографиялық әдістемеге сүйенгенін түсіндірді.
"Біз туу, қайтыс болу және көші-қон процестерін сағат сайын қадағалап отырдық. Осы деректер негізінде қала халқының саны 600 мыңға жеткен сәтте дүниеге келген нәресте анықталды", — деді ол.