Алматыда бір тәулікте 2 мыңнан астам заң бұзушылық тоқтатылды
Сурет: polisia.kz
Іс-шараның алғашқы күні жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 2 200-ден астам дерегі анықталды. Негізгі назар өрескел құқық бұзушылықтардың жолын кесуге аударылды. Атап айтқанда, мас күйінде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу және жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізу фактілері тіркелді.
Электр самокаттарын пайдалануды бақылауға ерекше көңіл бөлінді. Бір тәулік ішінде 400-ге жуық құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде кәмелетке толмағандардың басқару жағдайлары бар. Нәтижесінде ата-аналарға қатысты тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар арнайы айып тұрағына мыңға жуық көлік құралы қойылды.
Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, басты мақсат – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, жолдарда қауіпсіз орта мен тәртіп қалыптастыру.
"Біз барлық жол қозғалысына қатысушыны ережелерді қатаң сақтауға және жеке әрі ата-аналық жауапкершілікті ұмытпауға шақырамыз. Жолдағы қауіпсіз мінез құлық мәдениетін қалыптастыру – ортақ міндет. Барлық бағыт бойынша бақылау күшейтілді, апаттылық деңгейін төмендетуге жүйелі түрде жұмыс жүргізіледі", — деді ол.