Шымкентте балалар электровоз кабинасына тас лақтырған
Сурет: polisia.kz
Көліктегі ПД әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, теміржол жиегінде ойнау, жылжымалы құрамға тас лақтыру, рельстердің үстіне бөгде заттар қою сияқты әрекеттер әлі де тіркеліп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әсіресе, мұндай заңсыздықтарды ересектердің бақылауынсыз қалған балалардың жасауы полиция қызметкерлерін алаңдатып отыр.
Мәселен, Қызылсай – Манкент аралығында бейтаныс тұлғалар тас лақтырып, электровоз кабинасының әйнегін сындырған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері үш кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады. Олар ата-анасының көзінше өз кінәсін мойындады.
"Тексеру барысында жасөспірімдердің теміржол маңында ойнағандары және ықтимал зардаптарын түсінбей, қауіпті әрекетке барғандары белгілі болды. Тәртіп сақшылары олармен теміржол көлігі нысандарында қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидалары бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар олардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды", – деді Марат Дубаев.
Оның айтуынша, бұл бір ғана мысал. Биыл департаментте жолаушылар пойыздары терезелерін сындырудың 12 фактісі тіркелген. Оның басым бөлігі Алматы, Шымкент, Қарағанды және Шу станциялары учаскелерінде болған.
"Мұндай әрекеттерді жай ғана балалардың еркелігі деп қарастыруға болмайды. Бұл пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп, жолаушылар мен пойыз бригадалары жұмысшыларының өміріне қауіп төндіретін жәйт. Жылжымалы құрамның немесе инфрақұрылымның жұмысына кез келген кедергі жасаудың соңы ауыр зардаптарға әкелуі әбден мүмкін. Осыған сәйкес, азаматтарды көлік инфрақұрылымы нысандарында болған кезде қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз", – деп атап өтті ол.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript