Банктік шоттарды ашу және бұғаттау тәртібіне өзгерістер енгізілді
Фото: freepik
Атап айтқанда, клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидалары жаңа тармақпен толықтырылды. Енді банктер қашықтан қызмет көрсету арқылы клиентпен іскерлік қатынас орнатқан жағдайда банктік шот ашу кезінде клиенттің биометриялық аутентификациясын Сәйкестендіру деректерін алмасу орталығы (СДАО) арқылы жүзеге асырады. Бұл орталықтың қызметі "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңмен реттеледі.
Биометриялық аутентификацияны жүргізу тәртібі мен нәтижелерін сақтау мерзімі банктер мен тиісті қаржы ұйымдарының электрондық банктік қызмет көрсету қағидаларымен айқындалады.
Сонымен қатар, банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру немесе шоттағы қаражатқа тыйым салу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 740-бабы, Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабы, Әкімшілік және салық заңнамалары, сондай-ақ "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заң және өзге де тиісті нормативтік актілерге сәйкес уәкілетті органдардың шешімі негізінде жүзеге асырылатыны нақтыланды.
Сондай-ақ қолма-қол емес төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларына да өзгерістер енгізілді. Енді банктер банк аралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы операциялар жүргізу кезінде штрих-код, биометриялық аутентификация және өзге де сәйкестендіру құралдарын қолданғанда заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.
Бұдан бөлек, банк шоттарындағы қаражатқа тыйым салу, уақытша шектеу қою және шығыс операцияларын тоқтату тәртібі нақтылап жазылды. Бұл шаралар тек уәкілетті мемлекеттік органдар мен сот орындаушыларының заңды шешімдері негізінде жүргізіледі.
Егер сот орындаушысы немесе уәкілетті орган банкке шоттар туралы ақпарат беру немесе мүлікке тыйым салу туралы қаулы жолдаса, банк оны алған күннен бастап үш операциялық күн ішінде орындау нәтижесі туралы хабарлауға міндетті.
Қаулы 2026 жылғы 26 сәуірден бастап күшіне енеді.