Қарағандыдағы бала өлімі: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады
Фото: primeminister.kz
Ведомство мәліметінше, пациент ауру басталғаннан кейінгі екінші тәулікте инфекциялық орталыққа емдеуге жатқызылған. Жағдайының нашарлауына байланысты бала реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылды.
Тексеру барысында бактериялық, вирустық және саңырауқұлақ текті қоздырғыштардың болуымен аралас инфекцияға байланысты аса ауыр жағдай анықталды. Ауру ағымы айқын иммун тапшылығымен, сондай-ақ туғаннан бастап вакцинациялаудың болмауымен асқынған, бұл ағзаның инфекцияға қарсы тұру мүмкіндігін едәуір шектеп, жүргізілген емнің тиімділігін төмендеткен.
Медициналық көмек қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес толық көлемде көрсетілді.
Емдеу тәсілі бірнеше рет республикалық консилиумдардың шеңберінде, салалық мамандардың, соның ішінде штаттан тыс бас балалар инфекционисті, бас балалар пульмонологы, бас балалар реаниматологының қатысуымен қаралды.
Қосымша түрде экстракорпоральдық мембраналық оксигенацияны (ЭКМО) қолдану мүмкіндігі де қарастырылды. Алайда консилиумның қорытындысы бойынша, жағдайдың ауырлығын және медициналық көрсетілімдерді ескере отырып, бұл әдіс ұсынылмады.
Қарқынды терапия жүргізіліп, барлық қажетті шаралар қабылданғанына қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.
"Мұндай жағдайлар медициналық тұрғыдан аса күрделі сипатта болатынын айта кету қажет. Ауыр инфекция, иммун тапшылығы және вакцинациялаудың болмауының үйлесуі ем уақытылы әрі толық көлемде жүргізілгеннің өзінде де қолайсыз нәтижеге әкелу қаупін едәуір арттырады". ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
Министрлік аталған факт бойынша көрсетілген медициналық көмекті объективті бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, блогерлерді және қоғамды тек тексерілген әрі ресми ақпарат көздеріне сүйенуге, асығыс қорытынды жасамауға және расталмаған деректерді таратудан бас тартуға шақырды.