Алматыда мамыр айының басынан бастап субұрқақтарды кезең-кезеңімен қосылады
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ауа райына байланысты олардың жұмысы реттеледі: температура +5°C-тан төмендеген жағдайда субұрқақтар уақытша тоқтатылады.
Қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, биыл 55 коммуналдық субұрқақ кешенін іске қосу жоспарланып отыр, оның ішінде 11 "құрғақ" субұрқақ бар. Барлық нысанның техникалық және санитарлық жағдайы тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында болады.
Маусымға дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілді. Мамандар субұрқақтардың тостағанын және айналасындағы аумақтарды тазалап, суды залалсыздандырды, жабдықтарды жөндеп, сырлап, инженерлік жүйелерге толық тексеріс жасады. Бұл олардың маусым бойы сенімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар қаладағы негізгі субұрқақтарды жаңғырту жобалары да қатар жүзеге асырылуда. Республика алаңы мен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры маңындағы субұрқақтар қайта жаңартылып жатыр. Қазіргі таңда бұл жұмыс аяқталып келеді. Жобаларды толық аяқтау және іргелес аумақтарды көркейту 2026 жылы үшінші тоқсанға жоспарланған.
Жаңартылған субұрқақтар тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз демалыс орындарына айналып, заманауи қоғамдық кеңістіктердің ажырамас бөлігі болмақ. Бұл қалалық ортаны жақсарту мен қоғамдық кеңістіктер сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы.