Жамбылда "Тараз – қолөнершілер қаласы" IV халықаралық фестивалі өтуде

Бүгін Тараз қаласында "Тараз – қолөнершілер қаласы" IV халықаралық фестивалі бастау алды. , сурет - Zakon.kz жаңалық 23.04.2026 16:43 Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Тараз қаласында "Тараз – қолөнершілер қаласы" IV халықаралық фестивалі бастау алды.

Екі күнге жоспарланған фестиваль аясында қолөнер туындыларының көрмесі, шеберлік сағаттары, ғылыми-тәжірибелік конференция, сән көрсетілімі, жәрмеңке сондай-ақ, қорытынды гала концерт ұйымдастырылады.

"Көне Тараз" тарихи этно-мәдени кешенінде өтіп жатқан мәдени-көпшілік шараға Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелден 33 қолөнерші қатысуда.

Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ауқымды фестиваль Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің және шетелдік қолөнершілердің қатысуымен өткен баспасөз конференциясынан басталды. Ал, іс-шараның негізгі ашылу салтанатына ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеев және бірқатар Мәжіліс депутаттары мен өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ел тұтқасын ұстаған азаматтар этно-мәдени кешенде бой көтерген киіз үйлерге бас сұғып, құнды қолөнер туындыларын тамашалады.

Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетерлігі, кешенде құрылған әрбір алты қанатты ақ үй қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен сыр шертетін сюжеттік оқиғаларға негізделіп, безендірілген.

Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы мұндай рухани алаң тәжірибе алмасуға жол ашып қана қоймай, тың идеялардың тууына, бауырлас елдер арасындағы шығармашылық байланыстың нығаюына серпін беретінін алға тартты.

"Тараз – тек көне шаһар емес. Тараз – уақыттың таңбасын сақтаған, өркениеттер үнін жеткізген, Ұлы Жібек жолының бойында адамзат мәдениетінің алтын арқауына айналған қасиетті мекен. Екі мың жылдан астам тарихы бар қала ғасырлар бойы сан түрлі халықтарды табыстырып, өнер мен дәстүрдің үзілмес желісін қалыптастырды. Сондықтан Тараз – шежіре, Тараз – тағылым, Тараз – рух. 2022 жылы қаламыздың дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енуі – ел мерейін өсірген айтулы жетістік. Осы мәртебе – ата-бабадан аманат болған ұлттық қолөнеріміздің жаһандық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі. Бүгінгі басқосу – мазмұны терең, мағынасы айрықша мәдени кеңістік", – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ал, дәл қазір аталған кешен аумағында орналасқан Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында белгілі ғалымдардың қатысуымен "Дәстүр және қазіргі заман" атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.

Кешкі сағат 19:00-де "Қоңыр" тобы, "HasSak" қазақ этно-фольклорлық ансамблі, Наркенже Серікбаева және жергілікті өнерпаздардың қатысумен гала-концерт пен қолөнершілердің сән көрсетілімі өтеді деп жоспарланған.

Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қызығы сол, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне толассыз жауған нөсер де кедергі болмады. Шет мемлекеттен келген қонақтар мен жергілікті тұрғындар құдды бір "Наурызнаманың" онкүндігі сәуірде де жалғасын тауып жатқандай әсер қалдырғанын айтады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: