ШҚО-да үш жасар бүлдіршін үйден байқатпай шығып кетіп, ұшты-күйлі жоғалған
Сурет: polisia.kz
Полицейлердің мәліметіне сүйенсек, олар дереу сигналды қабылдап, шұғыл іс-қимылға кірісті. Кешіктірмей жеке құрам жасақтары жұмылдырылып, аулаларды, көшелер мен шеткері аймақтарды жаппай тексеру басталды. Тәртіп сақшылары әрбір ықтимал бағытты тексеріп, тұрғындардан сұрастырды және жақын маңдағы аумақтарды – аулалардан бастап ашық жерлерге дейін мұқият қарап шыққан.
Іздеу жұмыстары шамамен 4,5 сағатқа созылды. Ақырында кішкентай қыз табылды. Бүлдіршінді үйінен 4 шақырым жердегі көлдің маңынан жедел уәкіл Медет Жансейітов тауып алды.

Сурет: polisia.kz
"Полицейлердің жүйелі іздеу жұмыстарының арқасында кішкентай қыз аман-есен табылды. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қыздың анасы толқынысын жасыра алмады. Ол полицейлерге жеделдігі мен қырағылығы үшін шын жүректен алғыс білдірді. Бұл оқиға – әрбір ата-анаға балаларға үнемі назар аудару қажеттігін тағы да еске салады. Кейде қас қағым сәттің өзі жағдай бақылаудан шығып кетуіне жеткілікті. Егер бала жоғалып кетсе – бір минут та жоғалтпай, бірден полицияға хабарласыңыз",- деп ескертті құзырлы орган мамандары.
Бұған дейін Абай облысында айдалада жоғалып кеткен сәбиді облыстық полиция департаментіне қарасты Ақсуат ауданы полиция бөлімінің аға криминалисі, полиция майоры Бақытбек Лиясканов тауып алғанын жазғанбыз.