"Аралтұз" АҚ қызметкерлеріне компанияның 100 жылдығына орай 100 мың теңгеден төленді
Сурет: «Аралтұз» АҚ баспасөз қызметі
Төлемді шикізат өндіруден бастап оны қайта өңдеу мен қаптауға дейінгі тікелей өндірістік процеске тартылған жұмысшылар алды.
Кәсіпорынның мерейтойы маңызды тарихи күн ғана емес, компанияның ондаған жыл бойы тұрақтылығын сақтап, дамуына үлес қосқан жандарды ерекше атап өтуге жақсы себеп болды. Бүгінгі таңда "Аралтұз" ішкі нарықты қамтамасыз етіп, өнімдерін шетелге экспорттайтын Қазақстандағы ең ірі тұз өндіруші.
"Аралтұз" АҚ президенті Нұрлан Айтқазиннің айтуынша, сыйақы төлеу туралы шешім – ең алдымен, кәсіпорынның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін қызметкерлердің күнделікті еңбегін мойындауды білдіреді.
"Біз үшін компания мерейтойы корпоративтік іс-шаралар деңгейінде ғана емес, оны осы нәтиженің артында тұрған әрбір адам сезінгені аса маңызды. "Аралтұз" – бірінші кезекте, адамдар. Дәл осы мамандардың тәжірибесі, жауапкершілігі мен өз ісіне деген адалдығының арқасында компания жүз жылдық жолдан өтті", – деп атап өтті Нұрлан Айтқазин.

Сурет: "Аралтұз" АҚ баспасөз қызметі.
Ол өндірістік процестер жоғары тәртіпті, сапа және қауіпсіздік стандарттарын сақтауды, сондай-ақ дағдыларды үнемі жетілдіруді талап ететінін баса айтты. Мұндай жағдайда ұжым бизнестің тұрақтылығының негізгі факторына айналады.
"Біз күрделі климаттық және өндірістік жағдайларда жұмыс істейміз. Қызметкерлеріміз күн сайын кәсібиліктің жоғары деңгейін дәлелдеп келеді. Сыйақы төлеу – олардың еңбегіне деген құрмет пен ортақ іске қосқан үлесінің белгісі", – деп толықтырды компания президенті.
Компания қызметкерлерді қолдау компаниядағы басымдықтардың бірі болып қала беретінін жеткізді. Бұған дейін кәсіпорын өндірістік персоналдың жалақысы көтерілетінін жариялаған болатын, сондай-ақ жұмыс жағдайын жақсарту мен әлеуметтік қолдау бағдарламаларын жүзеге асырып жатыр.

Сурет: "Аралтұз" АҚ баспасөз қызметі.
Кәсіпорын үшін мерейтойлық жыл өндірісті дамытуға да, корпоративтік мәдениетті нығайтуға да бағытталған бірқатар бастамалармен ұласып отыр. Олардың қатарында жабдықтарды жаңғырту, логистика тиімділігін арттыру, сонымен қатар қауіпсіздік пен экологияға қатысты жобалар бар.
"Аралтұз" компаниясының тарихы 1925 жылдан басталады әрі осы уақыт ішінде саладағы негізгі кәсіпорындарының біріне айналды. Бүгінде өндірісте мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі – аймақ тұрғындары. Кәсіпорын Арал ауданы мен Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады.
"Аралтұз" басшылығы алдағы уақытта да адам капиталын дамытуға ерекше көңіл бөлетінін, мұны компанияның ұзақ мерзімді өсімі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі деп санайтынын жеткізді.