ДСМ дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың шекті бағаларын нақтылауға қатысты түзетулер әзірледі
Фото: Zakon.kz
Министрлік дәрі-дәрмек бағасын белгілеудің қолданыстағы тетігін нақтылап, оны жетілдіруді көздеп отыр.
Жобаға сәйкес, антипсихотикалық, онкологиялық және өзге де терапиялық топтарға жататын 5 дәрілік атау бойынша өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар, Бірыңғай дистрибьютор тізіміне жаңадан енгізілген 2 дәрілік атау қосылады.
Ведомство бұл өзгерістердің техникалық сипатта екенін атап өтіп, олардың негізгі мақсаты — баға белгілеу жүйесін жетілдіру, дәрілік заттардың халық үшін қолжетімділігін арттыру.
Жоба министрліктің Формулярлық комиссиясының қолданыстағы қағидалары мен ұсынымдарына сәйкес әзірленген.
Министрліктің мәліметінше, енгізіліп отырған түзетулер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде тұрақтылық пен болжамдылықты күшейтіп, халықтың ем алу мүмкіндігі мен мемлекеттік қаражатты тиімді пайдаланудың арасындағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.
Құжат "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылау үшін 20 мамырға дейін орналастырылған.