Президент: Қазақстанның айбынды армиясы батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік марапаттар мен әскери шен тапсыру рәсімінде сөз сөйлеп, Қазақстан Қарулы Күштеріне жоғары баға берді., сурет - Zakon.kz жаңалық 06.05.2026 13:00 Сурет: akorda.kz
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік марапаттар мен әскери шен тапсыру рәсімінде сөз сөйлеп, Қазақстан Қарулы Күштеріне жоғары баға берді.

Мемлекет басшысы егемен елдің Қарулы Күштерге зор сенім артып отырғанын атап өтті.

"Бүгінде Қазақстанның айбынды армиясы батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Сайыпқыран сарбаздарымыз – қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр", – деді Президент.

Мемлекет басшысы күштік құрылымдардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін де ерекше атап өтті.

"Күштік құрылымдар заң үстемдігін, қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Құтқарушылар қатерден қаймықпай, азаматтардың амандығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүр. Жауынгерлеріміз күрделі міндеттерді табысты орындап, халықаралық тұрақтылықты нығайту ісіне де зор үлес қосуда", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысуын да ерекше жетістік ретінде атады.

"Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын дербес орындау мәртебесіне ие болған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішіндегі жалғыз мемлекет. Бұл әлем елдерінің қазақ армиясына деген сенімі жоғары екенін көрсетеді", – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық жарыстардағы жетістіктеріне тоқталды.

"Биыл Дубайда өткен ауқымды халықаралық жарысқа еліміздің бес командасы қатысып, жүлдемен оралды. Байрақты бәсекеде бірінші және екінші орынды Қазақстан құрамасы еншіледі. Әсіресе, әйелдер арасында топ жарған "Томирис" командасының қарым-қабілетіне жаһан жұрты тәнті болды", – деді ол.

Мемлекет басшысы мұның барлығы рухы мықты, антқа адал сарбаздардың еңбегі екенін айтып, мемлекет мұндай айбынды жауынгерлерді әрдайым қолдайтынын жеткізді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: