Алтын Ордада озық басқару жүйесі мен дала демократиясының үлгісі қалыптасты - президент

Қасым-Жомарт Тоқаев, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.05.2026 15:02 Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда дәуіріндегі мемлекеттік басқару жүйесінің дамыған әрі тиімді болғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, тарихи деректер Алтын Ордада озық іс жүргізу жүйесінің болғанын көрсетеді.

"Бұдан бөлек, Алтын Орда заманында озық іс жүргізу жүйесінің болғаны туралы нақты тарихи деректер бар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Құрылтай институтын дала демократиясының ерекше үлгісі ретінде сипаттады. Оның сөзінше, қоғам құрылымы тұрақты болғанымен, әділдік басты қағида ретінде сақталған.

"Сондай-ақ Құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті. Ұлыстың әлеуметтік құрылымы айқын әрі тұрақты болса да, қоғамда қатып қалған қағида емес, әділдік басты рөл атқарды", – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, Алтын Ордада меритократия қағидасына ерекше мән берілген.

"Әскерде және мемлекеттік аппаратта темірдей тәртіпке, мінсіз қызмет пен меритократия қағидасына ерекше назар аударылды", – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл жүйе түрлі этнос өкілдеріне кең мүмкіндік бергенін айтты.

"Мұның бәрі алып державаны мекен еткен барлық этнос және түрлі топ өкілдеріне мол мүмкіндік берді", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Алтын Орданың халықаралық байланыстарына да тоқталды. Оның сөзінше, мемлекет Мысыр мәмлүктері, Ватикан, Византия, Осман империясы және Еуропа елдерімен тығыз дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан.

Сонымен қатар Президент тарихта "Ұлы дүрбелең" кезеңі ретінде белгілі саяси дағдарыс кезінде де Алтын Орданың басқару жүйесі тұрақтылығын сақтап қалғанын атап өтті.

"Жалпы, тарихта "Ұлы дүрбелең" деген атпен қалған саяси дағдарыс кезінде де Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі сыр берген жоқ, яғни, тұрақтылығын сақтап қалды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: