️Қасым-Жомарт Тоқаев: Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.05.2026 14:59 Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың тарихи маңызы оның аумағымен емес, тиімді мемлекеттік басқару жүйесімен өлшенетінін атап өтті.

Президенттің сөзінше, Жошы ұлысы дәуірінде құрылған мемлекеттік модель ұзақ уақыт бойы тұрақтылығымен ерекшеленген.

"Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті, Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кейбір зерттеушілер Алтын Орданы "Дала Римі" деп атауының да тарихи негізі бар екенін айтты.

"Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді", – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, Жошы ұрпақтары бірнеше ғасыр бойы кең аумақта билік жүргізіп, тұрақты саяси жүйе қалыптастырған.

"Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни, 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді", – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл жүйе әртүрлі этнос пен дін өкілдерінің бейбіт өмір сүруіне мүмкіндік бергенін атап өтті.

"Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Алтын Ордадағы құқықтық жүйенің ерекшелігіне де тоқталды. Оның айтуынша, Дала заңы мен ислам құқығы өзара үйлесім тапқан.

"Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты", – деді Президент.

Сонымен қатар ол қоғамдық тәртіптің тарихи негіздеріне назар аударды.

"Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ" заңы тұрды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, сол кезеңдегі заң үстемдігі адамдар мен олардың мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.

"Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: