Алматыдағы 30-дан астам базар жаңғыртудан өтті
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының өкілдері айтты.
Бүгінде Алматыда 51 базар жұмыс істейді. Оның 32-сі толықтай жаңғыртылып, құрылыс жұмыстарының барлық кезеңі аяқталған.
Тағы 19 базарда жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Бес нысандағы құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Биыл "Сарыарқа" және "Алматы-1" базарларындағы жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Жаңартылған сауда алаңдары заманауи талаптарға сай келіп, кәсіпкерлер мен келушілер үшін анағұрлым жайлы, қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастырады.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, жаңғырту жобаларын іске асыру ашық әрі заманауи сауда ортасын қалыптастыруға, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға, салық түсімдерін арттыруға және қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.