Мемлекет пен бизнес: бақылаудан серіктестікке өту
Фото: pixabay
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевтің айтуынша, бұл әсіресе ішкі экономиканың негізін құрайтын және өңірлердегі іскерлік белсенділікті қамтамасыз ететін микро және шағын бизнес үшін өте маңызды.
Қазақстан Үкіметінің 2026 жылға дейін микро және шағын бизнес субъектілеріне арналған салықтық қолдау шараларын ұзарту туралы шешімі – әкімшілік жүктемені азайтып, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау саясатының заңды жалғасы.
Негізінде, бұл мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы жаңа қарым-қатынас моделінің қалыптасуын білдіреді. Бұл модель тек бақылау мен айыппұлдарға емес, сенімге, қателікті түзету мүмкіндігіне және салық міндеттемелерін ерікті түрде орындауды ынталандыруға негізделеді.
Маңызды шаралардың бірі – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылатын "таза парақ" (жеңілдетілген тәртіп) тетігін жалғастыру болды. Оның басты мақсаты – салықтық әкімшілендіруде икемді тәсілдерді қолдану.
Кейбір жағдайларда микро және шағын бизнес субъектілеріне камералдық бақылау, салықтық тексерулер, әкімшілік іс жүргізу және сот арқылы өндіріп алу шаралары қолданылмайды. Бұл 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін туындаған міндеттемелерге қатысты.
Спикердің айуынша, кәсіпкерлер үшін бұл маңызды сигнал: мемлекет салық жүйесіндегі өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік беріп отыр және бірден қатаң санкциялар қолданбайды.
Нәтижелер бұл тәсілдің тиімді екенін көрсетіп отыр: 19 мың микро және шағын бизнес субъектісі негізгі салық берешегін өтеп, жалпы 13 млрд теңге бюджетке қайтарған. Сонымен қатар кәсіпкерлерге 4,4 млрд теңге өсімпұл мен 4,9 млрд теңге айыппұлдар кешірілген.
Бұл деректер маңызды үрдісті дәлелдейді – мемлекет түсінікті әрі әділ жағдай ұсынса, бизнес өз міндеттемелерін орындауға дайын. Тәжірибе көрсеткендей, шамадан тыс қысым әрдайым салық түсімдерінің артуына әкелмейді. Керісінше, кәсіпкердің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін тетіктер тиімдірек нәтиже береді.
Тағы бір маңызды қадам – 2026 жылы микро және шағын бизнес субъектілерін ҚҚС (қосылған құн салығы) бойынша кейбір бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпау туралы шешім болды.
"Атап айтқанда, егер айналым көлемі заңда белгіленген шектен аспаса, ҚҚС бойынша тіркеуге уақтылы тұрмау жағдайлары қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдарының хабарламасымен келісіп, талаптарды орындаған жағдайда кейбір әкімшілік баптар бойынша жауапкершіліктен босату көзделеді". ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев
Мұндай тәсіл жазалау моделінен алдын алу және түзету моделіне өтуді көрсетеді. Яғни, мемлекет кәсіпкерге қателікті ауыр салдарсыз түзетуге мүмкіндік береді, егер ол адал әрекет етіп, ынтымақтастыққа дайын болса.
Маңызды шаралардың тағы бірі – 2026 жыл бойы бюджетке төленбеген салықтар мен басқа да міндетті төлемдерге өсімпұл есептемеу. Бұл жеңілдік микро және шағын бизнес субъектілерінің көпшілігіне қолданылады.
"Дегенмен, кейбір шектеулер бар. Бұл жеңілдіктер салық агенттері ұстайтын салықтарға, акциздерге, импорттық ҚҚС-ға және әлеуметтік төлемдерге қолданылмайды. Сондай-ақ, 2026 жылдың 31 желтоқсанынан кейін қосымша есептілік берілген немесе салықтық әкімшілендіру нәтижесінде міндеттемелер қайта қаралған жағдайда өсімпұл есептелуі мүмкін". ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев
Маңыздысы – бұл салықтық жеңілдіктер мемлекеттің бақылаудан бас тартуы немесе классикалық салықтық амнистия емес. Бұл – мемлекет бизнеске тек жазалау емес, сонымен бірге ынталандыру мен түсіндіру арқылы әсер ететін заманауи, икемді реттеу жүйесіне көшуі.
Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттің алдында тек бюджет кірістерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар іскерлік белсенділікті сақтау, кәсіпкерлікті дамыту және халықты жұмыспен қамтуды қолдау міндеті тұр.
2026 жылға дейінгі қолдау шараларын ұзарту Қазақстанның неғұрлым заманауи және теңгерімді салық саясатына бет бұрғанын көрсетеді. Бұл саясаттың негізінде – мемлекет пен бизнес арасындағы сенім, диалог және серіктестік жатыр.