Ұлттық банк жаңа 500 теңгелік банкнотаға қатысты мәлімдеме жасады
Сурет: YouTube/nationalbank_kz
Ұлттық банк 2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап жаңа 500 теңгелік банкнотаның айналымға шығарылғанын хабарлады.
"Бұл – "Сақ стилі" сериясымен шыққан бесінші банкнота. Оның дизайны дәстүрлі қазақ орнаментінің бастауы саналатын сақтар мәдениетінің көркемдік элементтеріне негізделген. Осылайша, бұл серия көшпенділердің бірегей болмысынан бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі аралықты қамтитын еліміздің бай мұрасын айшықтайды", – делінген хабарламада.
Осыған байланысты ҚҰБ шынайы банкноталарды қолдан жасалған ақшадан ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелер барын еске салады. Осылай тексеру арқылы банкнотаның түпнұсқа екенін анықтауға болады.
Ақша белгісінің қорғаныш элементтері туралы
Банкнотада рельеф қалыптастыратын арнайы баспа түрі – алтын интаглио қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын түстес металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.
Алдыңғы бетінде саусаққа анық сезілетін бедерлі әрі жоғары рельефті элементтерді банкнотаның жиегінен аңғаруға болады. Ол – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.
Банкнота бетінде үзік-үзік пішінде монохромды қорғаныс жібі бар. Ол жарық түскенде бір тұтас жіпке айналады. Банкнотаны еңкіш тартып, көлбеу бұрышын өзгерткенде бұл жіптен көгілдір түстің лүпілдеп тұратын динамикалық әсерін байқауға болады.
Локальды су белгісінің қорғаныш элементі – электротип.
Жарыққа тосқанда электротип белгісі номинал бейнесінде анық көрінеді.



