Алматыда апатқа ұшыраған көліктер кафеге жетпей тоқтады
Сурет: Zakon.kz
Zakon.kz арнайы тілшісінің мәліметінше, Honda Odyssey көлігі Яссауи көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан, ал Kia Sportage Трудовая көшесімен батыс бағытта қозғалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Kia Sportage жүргізушісі "Жол беріңіз" белгісінің талабын елемей, қиылысқа шығып кеткен. Сол сәтте оған Honda Odyssey соғылған.
Соққыдан кейін екі көлік те жолдан шығып, қарсы қозғалыс жолағы арқылы бұған дейін де бірнеше рет көлік кіріп кеткен кафеге қарай ұшып кеткен.
Алайда бұл жолы дәмхана зардап шеккен жоқ. Kia Sportage көлігін бетон бағана тоқтатса, Honda Odyssey көлігі Kia-ға тіреліп тоқтаған.
Жол апаты салдарынан Kia Sportage көлігіндегі жолаушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Өзге адамдарды оқиға орнында дәрігерлер қарап шықты. Оларға ауруханаға жатқызу қажет болмаған.




