Қазақстандық БҰҰ комитетінің мүшесі болып сайланды: 157 мемлекет қолдау көрсетті
Сурет: instagram/lyazzat.kaltayeva
Мұндай шешім 2026 жылғы 9 маусымда Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Штаб-пәтерінде Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға (CRPD) қатысушы мемлекеттер конференциясының 19-сессиясында қабылданды.
Конференция делегаттарына арнап сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтудің, олардың қоғамдық өмірдің барлық салаларына толыққанды қатысуын қамтамасыз етудің, сондай-ақ инклюзивтілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын жаһандық деңгейде ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
"Конференция аясында БҰҰ Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитетінің тоғыз жаңа мүшесін сайлау рәсімі өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының үміткері Ләззат Қалтаева 157 мемлекеттің қолдауымен ең үздік көрсеткішке ие болып, 2027-2030 жылдарға арналған мерзімге Комитет мүшесі болып сайланды... Ләззат Қалтаеваның Комитет құрамына сайлануы Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін тарихи жетістік".ҚР-ның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі
Сонымен қатар Комитет құрамына Армения, Бенин, Иордания, Қытай, Литва, Палау, Самоа және Эфиопия өкілдері сайланды.
"Ләззат Қалтаева – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар танымал сарапшы. Ол көптеген жылдар бойы инклюзивтілік, қолжетімділік және тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілетуге белсенді түрде үлес қосып келеді. Әсіресе, мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөліп келеді".ҚР-ның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі
Instagram желісінде Ләззат Молдабекқызы сайланған күні түсірілген суреттерімен бөлісті.
Бұған дейін Қазақстанда мектеп оқулықтары қашан жаңартылатындығын жазғанбыз.