Алматыда абаттандыру ережесін бұзған 21 мыңнан астам адам жазаланды

Алматыда абаттандыру ережесін бұзған 21 мыңнан астам адам жазаланды, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.06.2026 19:16 Сурет: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі
Алматыда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға бағытталған жалпыұлттық "Таза Қазақстан" бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері туралы Алматы полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Тимур Ноғайбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Спикердің айтуынша, бағдарлама мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің, қоғамдық ұйымдардың және қала тұрғындарының күш-жігерін біріктіріп, таза, қауіпсіз әрі жайлы қала ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша абаттандыру ережелерін бұзған 21 013 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ белгіленбеген орындарда сауда жасаған 4 794 азаматқа айыппұл салынған.

Қалалық ортаны ретке келтіруге де ерекше көңіл бөлінген. Тексеру барысында заң талаптарын бұза отырып орналастырылған 312 стационарлық емес сауда нысаны анықталған. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, олардың 148 демонтаж жасалды, қалғандары бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бағытында да ауқымды жұмыс жүргізілуде. ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 726 кәсіпкерлік субъектісі жауапкершілікке тартылған, 463-бап бойынша 269 заңсыз кәсіпкерлік фактісі анықталған. Заңсыз айналымнан 20 тоннадан астам алкоголь өнімі тәркіленіп, жойылған.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 6,6 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, 179 ойын-сауық орнының қызметінде заң бұзушылықтар тіркелген.

Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жарақаттанудың алдын алу бағытында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте түсіндіру шаралары, рейдтер және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып отыр.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүргізілген шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан суық қарудың 2 161 бірлігі, соның ішінде пышақтар мен кастеттер тәркіленген.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: